ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар қауын экспорттауды бастады

0
145

Көкөніс дақылдарынан 36 мың тонна өнім жиналған.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар қауын экспорттауды бастады

Жетісай ауданында қауын пісті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Жетісай ауданының шаруалары биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына мақта шитін сепсе, 16,7 мың гектар жерге бақша, 7,5 мың жерге дәндік жүгері, 3,6 мың га жерге көкөніс пен 6,7 мың гектар алқапқа малазықтық дақылдарын еккен. Бүгінгі күнде көкөніс дақылдарынан 36 мың тонна өнім жиналған.


Одан бөлек, егістік алқаптарда егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп те үлгерген.


Соңғы 15 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Әл-Фараби Күзенбаев Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 50 гектар жеріне қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сорттарын ексе, 250 гектарына мақта шитін сепкен. Жылдағы әдеті бойынша биыл да бақша өнімдерін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.


Қожалық төрағасының ерте көктемде отырғызған көшеттері жоспардағы 65 күнде емес, 70 күнде дайын болған. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясына 100 тонна қауынды экспорттап жатыр. Баға да жаман емес, келісі 400 теңге.


«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл ертелеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Біз егістік басынан келісін 400 теңгеден саудалаудамыз, көрші елде бізден де қымбат. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз», дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы.


Бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғынды жалдап, күніне 8-12 мың теңге аралығында ақы төлеп отырған шаруа орта есеппен гектарынан 400 центнерден өнім алуды жоспарлауда.


Айта кетейік, өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген ауданда 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді және бұршақты, 67,7 мың тонна малазықтық дақылдар жиналған.

Бөлісу