ТҮРКІСТАН: Жұмыстардың сапасын қатаң бақылау тапсырылды

0
221

Өзекті мәселелердің шешілу жолдары талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Жұмыстардың сапасын қатаң бақылау тапсырылды

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында Ынтымақ ауылдық округіндегі құрылысы аяқталған «Кирово» АГТС нысанымен танысып, Қазыбек би ауылдық округінің Таубай ата, Құрбан ата елді мекенінің, Жаңа ауыл ауылдық округі Ынтымақ елді мекенінің ауыз сумен жабдықтау жүйесінің қайта жаңарту жұмыстарын, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Құрбан ата елді мекеніндегі орта жөндеуден өткізілген көшелер мен орташа жөндеуден өткізіліп жатқан облыстық маңызы бар КХ-9 автожолының жөндеу жұмыстарын көрді.


Сонымен қатар Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніндегі газ өткізгішінің құрылысы мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Атақоныс елді мекендеріндегі электрмен жабдықтау желілерін салу, КТП орнату, Жетісай қаласындағы кәріз тазарту жүйесінің жұмыстарын аралап, аудан әкімі аппаратында қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына жиналыс өткізді.


Зұлпыхар Сансызбайұлының төрағалығымен өткен жиында ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты мәселелер бойынша жауапты басқармалардың баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелердің шешілу жолдары талқыланды.


5201 адам тұрғын үй кезегінде тұратын ауданның 105 елді мекені орталықтандырылған ауыз су құбырымен толық қамтылғанымен 15 елді мекенде ауыз су кестемен берілуде. Аталған мәселені шешу мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан 3 нысанның 2-уі аяқталса, 1 нысан 2025 жылға өтпелі. Қазыбек би, Сарқырама, Жаңа дала, Арай, Жетіқұбыр елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тағы 10 елді мекеннің ауыз су жүйесіне жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.


Сонымен қатар 60 елді мекені көгілдір отынмен қамтылған ауданда биыл 29 елді мекенді табиғи газға қосу үшін құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, жыл қорытындысымен 14 нысанға газ беріледі деп жоспарланған. Қалған 15 нысан 2025 жылға өтпелі. 4 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынылған.


Ал, елді мекендердегі жаңадан түскен көшелерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2 нысанға 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылып 1 нысан пайдалануға берілсе, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 8, Абай ауылдық округіндегі 5 елді мекенге электр желілерін салу және КТП орнату мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаға ұсынылған.


Сондай-ақ биылғы жылы ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға 1,8 млрд теңге бағытталып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы ұзындығы 42,1 шақырымды құрайтын 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Қазыбек би, Ш.Ділдәбеков, Қарақай, Мақталы және Жаңа ауыл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 10 жоба әзірленіп, сараптама қорытындысы алынса, Жетісай қаласы арқылы транзиттік жеңіл және ауыр жүк көліктерінің кедергісіз өтуін жақсартып, қала аумағында көлік кептелістерін болдырмау мақсатында айналма автомобиль жолдарын салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу қажеттілігі туындауда. Қазіргі таңда айналма автомобиль жолдарын ретке келтіру бойынша 2023-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары түзіліп, жұмысшы топ құрамы бекітілген. Айналма автомобиль жолының жер учаскесіне мемлекеттік акт алу, сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу және техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.


Аудандағы түйіні тарқатылуы тиісті мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар мен пікірлерді тыңдаған облыс әкімінің орынбасары аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы мен мердігер мекемелердің жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасы аясындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Бөлісу