Түркістан облыстық сотты уақытша бөлінген аумағы 843 шаршы метр болатын ғимаратқа орналастырылған.
ERNUR.KZ. Түркістанда 2,7 миллиард теңгеге жаңа сот ғимараты салынбақ. Бұл туралы мәжіліс отырысында ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп жазады Sputnik.
Мәжіліс депутаты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында сот жүйесінің жақсаруына қатысты қандай жоспарлар барын сұрады.
"Шымкент пен Түркістан облысында халық көп шоғырланғандықтан, бүгінгі таңда сотқа түскен ауыртпалықты жеңілдету мәселесі өзекті болып отыр. Судьялардың қарайтын ісі көптігін ескерсек, Шымкент және облыс тұрғындарының ісі қаншалықты әділ шешім тауып жүр деген сауал туындайды", — деді мәжіліс депутаты Василий Олейник.
Дәленов облыстық соттың Түркістанға көшірілгенін хабарлады. Сот уақытша бөлінген аумағы 843 шаршы метр болатын ғимаратқа орналастырылды.
"2,7 миллард теңгеге жаңа ғимарат салынады деп жоспарланып отыр. Қаржы республикалық бюджеттен алынады. Шымкентте жаңа қалалық сот, төрт аудандық сот және әкімшілік соттар құрылды. Қосымша бірліктер беріліп отыр. Сондай-ақ, 4,2 миллиард теңге бөлінеді", — деді ол.
Бұдан кейін жоғары сот өкілі Аслан Түкеев аталған аймаққа қосымша 20 судья және 40 әкімшілік қызметкер бөлінгенін жеткізді. Сондай-ақ, сотқа бес ғимарат беріліп, судьялар үй, көлік және өзге де қажеттілермен қамтылғанын айтып өтті.
"Қазір, расымен де, судьялардың жұмысы ауыр. Судьялар қарайтын істер саны жылдан жылға өсіп келеді. Соңғы бес жылда ол екі есе өсті. Дәлірек айтсақ, 1,25-тен 2,6 миллионға өсті. Қазірдің өзінде алғашқы жарты жылдықта 1,8 миллион іс пен материалдар қаралды. Бұл аталған көрсеткіштің 40% өскенін көрсетеді", — деп қосты Олейник.