Түркістанда «Алтын домбыра» республикалық айтысы өтіп жатыр

0
868

Түркістан төріндегі айтыс 2 күнге жалғасады.


Түркістанда «Алтын домбыра» республикалық айтысы өтіп жатыр

Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. Биылғы сөз додасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды. Айтыстың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов құттықтау сөз сөйлеп, қазақтың айтыс өнерінің дамуына қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміздің ең үздік 18 ақынының Түркістан төрінде бас қосқанына қуанышты екенін атап өтті.


«Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан төрінде басталған «Алтын домбыра» айтысына қош келдіңіздер. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарында Түркістанға ерекше мәртебе беру жөнінде ұсынысын айтты. Сондықтан «Алтын домбыраның» Түркі жұртының рухани төрінде өтуі – біз үшін зор мәртебе әрі заңдылық. Өздеріңізге белгілі, осыдан 4 жылдан астам уақыт бұрын өзінің тарихи тұғырына қайта қонған Түркістан қаласы жаңару мен жаңғырудың бұрын-соңды болмаған жаңа белесіне көтерілді. Бүгінгі айтысымыз ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ақындарымызға сәттілік, шабыт тілеймін. Біз осындай мәдени-рухани іс-шараларды қабылдауға әрқашан дайынбыз», – деді Дархан Сатыбалды.


Биылғы жылдың басты додасына еліміздің әр өңірінде жыл бойы өткен айтыстарда жеңімпаз атанған танымал ақындар жиналған.


Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізуде. Түркістандық өнер сүйер қауым мен көрермендер ақындарды үлкен қошеметпен қарсы алып, қолдау көрсетіп жатыр.


Айта кетейік, республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Былтыр бұл додада түркістандық Бекарыс Шойбеков жеңімпаз атанған болатын. Түркістан төріндегі айтыс 2 күнге жалғасады.