Бас мүфти жиналған жамағатқа жүрекжарды сөзін арнап, ұлы бабалардың аманатын сақтау мен ұлттық рухты жаңғыртудың маңызына тоқталды.
Түркістан қаласында «Бабалар рухына 100 хатым» атты тағлымды іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2025 жылдың 1 қазанында рухани астана Түркістан төрінде, қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елдің бірлігі мен рухани құндылықтарын дәріптеуге арналған «Бабалар рухына 100 хатым» атты тағлымды іс-шара өтті.
Бұл рухани жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, ел ақсақалдары, Түркістанның тұрғындары мен қонақтары қатысып, рухани іс-шараның мәнін арттыра түсті.
Шара қонақтарды ыстық ілтипатпен қарсы алудан басталып, киелі кесене алдында құрбандық шалу рәсімімен жалғасын тапты. Бас мүфти жиналған жамағатқа жүрекжарды сөзін арнап, ұлы бабалардың аманатын сақтау мен ұлттық рухты жаңғыртудың маңызына тоқталды. Одан кейін зиярат жасап, Қожа Ахмет Ясауи баба мен Түркістанда жерленген тарихи тұлғалардың рухына бағыштап Құран оқыды.
Кесене маңында Түркістан облысының наиб имамы Сүлеймен қари Моллатілеуұлы 100 хатым Құранды оқып, дұға жасады. Шара соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бата беріп, игі тілегін жеткізді.