Түркістанда "Балаларды қорғау күніне" орай мерекелік іс-шаралар өткізіледі

0
478

Мерекелік жиын барысында «Қуыршақ» театрының қойылымы, балалар үшін аквагрим жасалып, тегін тәттілер үйлестіріледі.


Түркістанда

Түркістанда балаларды қорғау күніне орай мерекелік шаралар өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында 1-маусым Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізілмек. Облыс орталығындағы «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік шара ұйымдастырылмақ. Мерекелік жиын барысында «Қуыршақ» театрының қойылымы, балалар үшін аквагрим жасалып, тегін тәттілер үйлестіріледі. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова брифингте мәлімдеді.


«Бағдарламаға сәйкес, «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде оқушылардың қолөнер жұмыстарының жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, балалар жазушыларының кітаптар көрмесі, «Drone Challenge» және «ROBO FEST» көрмесі қойылмақ. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан турнир, армрестлинг спортынан әлем чемпиондарымен шеберлік сағаты және «Аралдағы цирк» мерекелік қойылымын көрсету көзделген. Сондай-ақ, «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы, 500 оқушыдан құралған «Dombyra party» флеш-мобы, «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысы оқушыларынан құралған топ өнері көрермен назарына ұсынылады» - деді басқарма басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы.


Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында спикер облыстағы жазғы лагерьлер жөнінде айта кетті. Биыл Түркістан облысында 35 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагерьлері қызмет көрсетпек. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады.