Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталды.
Түркістанда Белсенді демалыс саябағының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен Белсенді демалыс саябағының құрылысы басталған. Мұнда тропикалық өсімдіктері бар жылыжай, сахна, трибуна, 2 субұрқақ, ойын алаңы, 2 скейтбординг және шатырлар салынады. Сонымен қатар саябақта түрлі ағаштар, бұталар, гүлдер егіліп, көгалдар төселген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталды.
Аталған саябақтағы жұмыстарды қадағалаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылармен және мердігермен кездесті. Жұмысты жүйелі әрі сапалы атқаруды тапсырды.
Одан кейін өңір басшысы теміржол вокзалы маңындағы жұмыстармен танысты. Вокзал жанындағы 4,0 гектар жерге абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осында 1 гектар жерді көгалдандыру, 0,25 гектар жерге жаңа асфальт жабындысын төсеу, 0,5 гектар жерге жаяу жүргіншілерге арналған жолаяқ салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар Тұран бағын көгалдандыру мақсатында 14 гектар аумаққа түрлі ағаштар отырғызылып, 3 дана су мұнарасы орнатылған.