Түркістанда көпсалалы аурухана ашылады

0
600

Өңірде басқармаға қарасты 43 медициналық ұйым бар.


Түркістанда көпсалалы аурухана ашылады

2022 жылы Түркістандағы 570 орынды көпсалалы ауруханасы ел игілігіне тапсырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында биыл 200 орынға шақталған модульдік көпбейінді ауруханасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығында келер жылы да 570 орынды көпсалалы ауруханасы ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Бұл туралы брифингте Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді. Оның сөзінше, жалпы өңірде басқармаға қарасты 43 медициналық ұйым бар.


«Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп, тиісті деңгейде қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, аймақтағы медициналық ғимараттардың тозуы 58,1 пайызды құраған болатын. Осыған байланысты 2020 жылы облыстық бюджеттен аудан-қалалардағы емханалар мен ауруханаларды күрделі жөндеуден өткізу үшін 809,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 2021 жылы 5 нысан жаңартылса, 7 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыс жұмыстары атқарылуда», – деді Марат Пашимов.


Сонымен қатар, басқарма басшысы 2020 жылғы жалпы трансферт есебінен 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, РБ -238 дана, ЖБ - 2828 дана медициналық техника сатып алынғанын жеткізді. Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау қызметін күшейтуге жұмсалған. Ал, биыл 2 КТ аппарат, анестезиология және реанимация бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында - 392 дана, ана мен бала бөліміне - 87 дана медициналық техника алынған.


Облыстың бас дәрігері өңірдің эпидемиологиялық жағдайына да тоқталды. Бүгінге дейін облыс халқының 93 пайызы немесе 973 852 адам коронавирус індетіне қарсы екпенің І компонентін салдырған, ал 895 859 азамат ІІ компонентін қабылдаған. Осындай көрсеткішпен Түркістан облысы вакцинациялау бойынша республикада бірінші орынға шыққан.


Айта кетейік, өңірдегі медициналық ұйымдарда жалпы 24 340 маман жұмыс істесе, оның 5 496-і дәрігерлер, 18 844-і орта буын қызметкерлері. Олардың білімін жетілдіру мақсатында былтыр 1 694 дәрігер, 928 орта буын қызметкердің білімі жетілдірілген. 2021 жылы - 1212 дәрігер, 1300 орта буын қызметкерлер білімі жетілдірілген.