Түркістанда мәдениет қызметкерлері марапатталды

0
367

Іс-шара соңында марапат иелерінің құрметі концерттік бағдарлама ұсынылды.


Түркістанда мәдениет қызметкерлері марапатталды

Түркістанда кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қоғамның мәдени-рухани ғана емес, саяси-мәдени өміріне белсене араласып жүрген жандарды құттықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысты.


«Еліміздегі ең күрделі салада қызмет атқарып келесіздер. Біздің облысымыздың құрылғанына биыл 6 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында рухани-мәдени ошақтар бой көтеріп үлгерді. Мәдени ұжымдардың қалыптасуына сіздердің еңбектеріңіз орасан зор. Бір ғана өңірден емес, жан-жақтан келіп киелі мекенді түлетуге қызмет етіп жатыр. Бұл бір күндік не бір жылдық емес, жылдар бойғы дүние. Түркістанның жаңа мәртебесі туралы Заң жобасы қаралып жатыр. Бұл рухани бағасы мен мәдени құндылығын арттыра түседі деп ойлаймыз. Түркістан – облыстың ғана емес, түркі әлемінің де орталығы. Өңірден 600-ден астам мекемеде 4000-нан астам әріптестер еңбек етіп жатыр. Осы жандардың арқасында Түркістан былтыр да, биыл да біраз жетістікке жетіп отыр. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Биіктен көріне беріңіздер», – деген Бейсенбай Дәулетұлы бір топ қызметкерлерге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды.


Жиын барысында өнер иелері мен сала қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет» грамотасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хатымен, Облыс әкімдігінің алғыс хатымен марапатталды. Облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Мақсат Исаев мәслихат төрағасының алғыс хатын табыстаса, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Тұрсынбаев Полат филиал төрағасының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың алғыс хатымен марапатталды.


Іс-шара соңында марапат иелерінің құрметі концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда Түркістан музыкалық драма театрының өнерпаздары қазақ әндерінен попурри орындады. Күмбірлеген күйден шашу шашты.


Бұл күнде сандаған өнер және рухани ордалары бар Түркістан мәдениеті осы биігіне бірден жеткен жоқ. Қызығы мен шыжығы, сиқыры мен сергелдеңі қатар жүретін ұлы өнердің нағыз үлгісін жасау, сол майданда шынығу талантты тану мен насихатын арттыру сынды ұланғайыр еңбектің нәтижесі. Сол қазақ өнері мен мәдениеті аталатын ұлы ұғымның қасиеті мен киесінің артуына Түркістандық өнер иелерінің қосқан үлесі ұшан теңіз. Әр қайсысынң қолтаңбасының, маңдай терінің, жүрек табының нәтижесі мирасқор ұрпаққа мұра болып жете бермек.


Айта кетейік, елімізде бұл күн 2013 жылдан бері кәсіби мереке ретінде аталып өтіледі. Қазіргі таңда облыста 686 мәдениет және өнер мекемесі халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Кітапханалар, Мәдениет үйлері, концерт залдары, музейлер, театрлар және өзге де мәдениет ошақтары жұмыс істеп тұр.