​Түркістанда сауда орындары жаппай тексеріліп жатыр

0
1 007

Сатушылар ұялы телефонға арнайы деструктивтік ағымды насихаттайтын мәліметтерді жүктеген.


​Түркістанда сауда орындары жаппай тексеріліп жатыр

Түркістан облысында Түркістан, Сарыағаш, Сайрам, Жетісай секілді бірқатар қала, аудандарында жеделдетілген профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Ішкі істер министрлігінің полицейлерге жүктеген жедел-профилактикалық іс-шараларының аясында, 2019 жылдың 4 мамырынан бастап ТО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен №6506 әскери бөлімінің арнайы жасақ қызметкерлерімен бірлескен ауқымды жедел шаралары атқарылды.

Аталған шара нәтижесінде Түркістан қаласында орналасқан базарлардың бірінен ұялы телефондарды алып сату және жөндеу жұмыстарымен айналысатын азаматтардың арасында дәстүрлі емес деструктивтік діни ағымын ұстанушылары мен жақтастары бар екендігі белгілі болды. Тыңғылықты тексеру нәтижесі көрсеткендей, күдіктілер қылмыстық жолмен ұрланған ұялы телефондарды алып сату, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру іс-әрекеттерін іске асыру арқылы, ұялы телефонға арнайы деструктивтік ағымды насихаттайтын мәліметтерді жүктей отырып, тұтынушыларды арандатқан.

Бұл істі полицейлер ҚР Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдікті ретінде ұсталған үш азаматқа қатысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, уақытша қамауға алды. Айғақты заттар тәркіленіп, сараптамалар тағайындалды. Облыс полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл іс аяқталған соң, жинақталған барлық материалдар нақты шешім шығарылу үшін сотқа жолданатын болады.

Дереккөз: ТО ПД-нің баспасөз қызметі