Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді

0
761


Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді

Биыл Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазан айында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде мәлім етті.


«Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Сіздерді осы алқалы жиынға қатысуға шақырамын. Бұдан бөлек, күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады», - деді Қ.Тоқаев.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы түркі әлемінің елдері саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет екендігін атап өтті.


«Қазір геосаяси жағдай күрделі екенін білесіздер. Әлемдегі экономикалық ахуал да мәз емес. Осындай қиын кезеңде Түркі әлемі өзара ынтымақтастығын нығайта түсті. Бұл – өте дұрыс қадам. Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі», - деді Президент.