Биыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті 32-рет түлектерін үлкен өмірге жолдады.
ERNUR.KZ. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде жылдағы дәстүрге айналған «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2026» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерге салтанатты диплом табыстау кеші өтті.
Айтулы жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, халықаралық деңгейдегі ІТ және қаржы технологиялары саласының маманы, ICONIC компаниясының бас директоры Ясин Таха Джелилоғлу, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Амандық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Болат Қалмұрзаев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен университеттің танымал түлектері қатысты.
Биылғы бітіруші түлектер қатарында қазақ күресінен 3 дүркін Әлем чемпионы атанған Жұмажан Қожамбеков пен қазақ күресінен Азия чемпионы Асылжан Кәрім, жақында ғана әлеуметтік желі жұлдызына айналған Өнер, медиа және дизайн факультетінің өнерпазы Еңлік Садуақас бастаған бір топ түлек бар.
Салтанатты кеш ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау бейнеролигімін ашылды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, Ясин Таха Джелилоғлу бастаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Амандық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Болат Қалмұрзаев, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов пен вице-ректорлар бітіруші түлектерді қуанышымен құттықтап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім барысында университеттің үздік және белсенді 250 студентіне диплом табысталды. Оның ішінде ректор Жанар Темірбекова мен Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу биылғы «Ең үздік» атанған 50 түлекке дипломдарын табыстап, құттықтады.
Кеш одан әрі қарай көңілді концерттік бағдарламамен жалғасты. Белсенді бітіруші түлектер сахна төрінде ән шырқап, биледі. Айтулы кеште түлектерге тосын сый ретінде, құпия қонақ – ҚР эстрада жұлдызы Мархаба Саби болды. Белгілі әншінің өнеріне тәнті болған жастар қошемет көрсетті. Кеш соңы мерекелік көңіл күйге ұласып, түлектер жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.
Айта кетсек, биыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті 32-рет түлектерін үлкен өмірге жолдады. 2025-2026 оқу жылында университетті жалпы саны – 2754 жас маман тәмамдады. Оның ішінде: бакалавриат бойынша – 1634, магистратура бойынша – 99, интернатура бойынша – 739, резидентура бойынша – 282 түлек білім алып шықты. Ал, Жаратылыстану ғылымдары факультеті бойынша бакалавриат деңгейінде ең көп түлек бітіріп, 321 жас маман қанат қақты.


