Мақсат – шілде айында су жетпей қалу қаупін сейілту.
Ордабасы ауданының әкімі каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы бойынша қазір 871 шақырымды құрайтын 85 канал арқылы 33 131 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жер игеріледі.
Оның ішінде:
- Республикалық меншікте 153 шақырымды құрайтын 14 канал, суармалы жер көлемі 6 357 га;
- Облыстық меншікте 459,7 шақырымды құрайтын 45 канал, суармалы жер көлемі 19 202 га;
- Ауыл округтерінің меншігінде 109,3 шақырымды құрайтын 17 канал, суармалы жер көлемі 2 488 га;
- Жеке меншікте 149 шақырымды құрайтын 9 канал, суармалы жер көлемі 5 084 га.
Осыған орай, аудан әкімнің тапсырмасымен аудан көлемінде егістік жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсарту, шілде айында су жетпей қалу қаупін сейілту мақсатында бірқатар каналдарға демеушілер есебінен механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан 380,9 шақырымды құрайтын 43 канал. Оның ішінде механикалық тазалауды қажет ететіні 214,6 шақырым болса, бүгінге дейін тазаланғаны 97 шақырымды құрап отыр. Қалған 117,6 шақырымы 15 шілдеге дейін толық тазаланып, аяқталады. Нәтижесінде 15 699 га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, шілде айында су жетпейтін 2 228 га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Жалпы демеушілер есебінен механикалық тазалау жүргізілетін каналдарға бүгінгі күні 7 дана техника жұмыс жасауда. Атап айтқанда Қажымұхан ауыл округінде 3 техника, Шұбар ауыл округінде 2 техника, Бадам ауыл округінде 1 және Бөржар ауыл округінде 1 техника.