Маусым айының үшінші жексенбісі - Қазақстанда медицина қызметкерлерінің төл мерекесі.
Мақтаарал ауданының әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Маусым айының үшінші жексенбісі - Қазақстанда медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов "Мақтаарал" мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекелерімен құттықтап, дәрігерлер мен мейірбикелерге сый-құрмет көрсетті.
"Сіздерді кәсіптік мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Қандай қиын сәттер мен ауыр жағдайлар болмасын дәрігерлер мен мейірбикелер өз ісіне мұқият қарап, адам жанының арашасы бола білді. Дәуір мен өркениет алмасып келсе де, олардың Гиппократ антына адалдығы сол күйінде қалып отыр. Әсіресе, еліміздегі әлемдік індетпен күрес жолында тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, адам өміріне араша түскен дәрігерлердің еңбектері нағыз ерлік жасаумен пара-пар екеніне қалың жұртшылық көз жеткізді" - деді Бақыт Насырханұлы.
Салтанатты жиын барысында "Amanat" партиясы Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы Досым Асабаев, "Мырзакент" аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Есімхановтар құттықтау сөзге шығып, белсенді еңбегімен көзге түскен ақ халатты абзал жандарды алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері тарапынан концерттік бағдарлама қойылды.
Айта кетейік, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда.