Ауруханаға артроскопия аппараты орнатылып, тізе буынына тіліксіз ота жасауға толық жағдай жасалды.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері буын ауруларына тіліксіз ота жасау тәсілін меңгеруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының мамандары тізе буын жарақаттарын артроскопия әдісімен емдеуді меңгеруде. Бұл – үлкен тілік жасамай, арнайы камера және құралдар арқылы орындалатын минималды инвазивті, дәлдігі жоғары заманауи хирургиялық тәсіл. Осы мақсатта ауруханаға артроскопия аппараты орнатылып, тізе буынына тіліксіз ота жасауға толық жағдай жасалды.
Жаңа әдістің енгізілуі емдеу жұмыстарын басқа өңірлерге жеткізбей жергілікті деңгейде ем-дом жасауға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта балалар артроскопиясы бойынша денсаулық сақтау магистрі, жоғары санатты дәрігер, №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақовтың қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Оқу барысында дәрігерлер буын ішіндегі жарақаттарды диагностикалаудың заманауи әдістерін, оларды дәл анықтау және тиімді емдеу тәсілдерін меңгеруде.
Айта кетейік, бүгін артроскопия әдісімен бес балаға ота жасау жоспарланған. Тәжірибе алмасу нәтижесінде жергілікті дәрігерлер алдағы уақытта аталған отаны өз күштерімен жасап, балаларды басқа қалаларға жібермей емдеуді көздеп отыр.


