Түркістандық белсенділер NEET санатындағы 55 мың жасты іздеуге кірісті

0
441

2,5 мыңға жуық азаматқа тиісті ақпараттар ұсынылып, кездесулер ұйымдастырылды.


Түркістандық белсенділер NEET санатындағы 55 мың жасты іздеуге кірісті

Түркістан облысында «Жастар ресурстық орталықтары» аймақта 12 мемлекеттік бағдарламаны түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Жастар ресурстық орталықтары» аймақта 12 мемлекеттік бағдарламаны түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бір ерекшелігі – белсенді жастар аймақтағы NEET санатындағы жастарды үйлеріне іздеп барып, бағдарламаларды түсіндіруде.


Жаңа заңға сай 35 жасқа дейінгілер де жастар қатарына енгізілгендіктен, Түркістан өңірінде жастардың қатары 700 мыңға жетті. Ал NEET санатында 55 мыңнан астам жас бар. Жоғары немесе арнаулы білім алмаған, жұмысқа орналаспаған бұл буынның мәселесін шешу аса маңызды. Өйткені ауылдарда жұмыссыз жүргендердің көрсеткіші өсуде.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жастар саясатын тиімді жүргізу, оларға сапалы білім беру, жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасымен қолға алынған бұл бастаманы жұртшылық оң бағалап отыр.


«Жастар ресурстық орталығының» мамандары облыстағы замандастарына мемлекеттік қолдаулар жайында күнделікті түсіндірме жүргізуде. Мектептерді, оқу орындарын, тіпті үй-үйді, базарларды, көшелер мен аулаларды, егістік алқаптарды аралап ақпарат жеткізуде. Атап айтсақ, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Жасыл ел», «Бастау Бизнес», «Дипломмен –ауылға», «Болашақ», Студенттік құрылыс жасағы, «Болашақ», «Серпін-2050: мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламаларынан бөлек колледждерге грантқа оқуға түсу, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие туралы барлық мәліметтер жеткізіліп жатыр. Мәжіліс залдарындағы таптаурын жиналыстар азайды.


«Мемлекеттік бағдарламалардың көбісі елге ашық, бұқаралық тілде түсіндірілмейді. Қасаң, ресми форматта айтылғандықтан қоғамның көп бөлігіне ұтымды жобаларлың қыр-сыры беймәлім болып қала береді. Әсіресе жастарға қатысты қаптаған бағдарламалар да соның күйін кешуде. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Жұмыс істеуге қабілеті болғанымен құштарлығы төмен немесе ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көретін, тегін білім алуға ынталы емес жастарды тартуды басты назарға алып отырмыз. NEET санатына тіркелген азаматтар жөнінде деректерді жаңартып, кеңес жүргізуді үрдіске айналдыру қажет. Еңбекке, кәсіпкерлікке, білім мен ғылымға бейім жас азаматтарымызды әрқашан қолдаймыз. Түркістандық жастар мақсатқа жетіп, нақты нәтижеге қол жеткізгенше тоқтамайды», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.


Осы күнге дейін NEET санатында кіретін 2,5 мыңға жуық азаматқа тиісті ақпараттар ұсынылып, кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы 10 күнде 30 мыңнан аса жасқа мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұматтар берілген.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2,9 млрд. теңге Түркістан облысының жастарына таратылады. Қолынан іс келетін жаңа толқын мүмкіндіктен шет қалмауы тиіс. Бұл мүмкіндік те жастарға тұрақты насихатталып жатыр.