Түркістандық кәсіпкерлер ауруғанаға 17 аппарат сыйлады

0
706

Әдеттегі оттегі балонынан әлдеқайда тиімді.


Түркістандық кәсіпкерлер ауруғанаға 17 аппарат сыйлады

Шардаралық кәсіпкерлер 17 оттегі концентраторын сыйға тартты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ..

Түркістан облысы Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлерінің демеушілігі арқасында Шардара аудандық орталық ауруханасы тағы 17 оттегі концентраторымен толықты. Қазіргі кезде аудандық орталық ауруханасында барлығы 20 оттегі аппараты науқастардың денсаулығын жақсарту үшін жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта тағы да оттегі аппараттарының санын көбейту көзделіп отыр.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі: "Әдеттегі оттегі балонынан әлдеқайда тиімді және өнімді бұл аппаратқа қол жеткізген орталық аурухана ұжымы, әсіресе науқастар өз қуаныштарын жасырмай, ізгі іс істеген барша азаматтарға алғыстарын білдірді", - деп хабарлама жасады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта індетпен күресте Түркістан облысының ерікті әрі демеуші азаматтары өздерінің сүбелі үлесін қосып келеді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Одан бөлек, аталған дертке шалдығуды азайту, карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында арнайы мониторингтік топтар құрылып, үздіксіз жұмыс істеп жатыр.