Түркістандық кәсіпкерлердің мәселесін мәжілісмендер назарға алды

0
622

Өзекті мәселенің шешімін табуға ықпал жасайтындарын жеткізді.


Түркістандық кәсіпкерлердің мәселесін мәжілісмендер назарға алды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жетісай ауданына арнайы іс-сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Еділ Жаңбыршин, Елдос Абақанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қайнар Абасов және ауылшаруашылығы саласына қатысты өкілдер мен мамандар су ресурстарын дамыту бойынша өңірдегі істеліп жатқан жұмыстарды пысықтау, аймақтың биылғы жылғы вегетациялық кезеңге дайындығын білу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының басқа да мәселелеріне назар аудару мақсатында Жетісай ауданына арнайы іс сапармен келді. Олар алдымен К-28, К-30 «Достық» магистральді каналының жағдайымен танысып, аграрлы аймақ үшін ең өзекті саналған ағын су мәселесіне тоқталды.


Жиынға аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов пен аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов, аудандық мәслихат депутаттары Марат Қалдыбаев, Кахарбай Исаев, Рустем Наматуллаев,Мамырайым Шылмырзаев, Көбейбек Алиев, Марат Ділдабеков, «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов пен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов, шаруақожалық иелері қатысты.


Басқосуда аудандық мәслихаттың депутаттары соңғы жылдарда ауданымыздағы өзекті мәселеге айналған ағын су мөлшерінің тапшылығы жайлы сөз көтерді. Негізгі табыс көзін ауыл шаруашылығы құрайтын аймақтың шаруаларының жан айқайын жеткізген халық қалаулылары аудандағы ағын су тарату каналдарының тозығы жетіп, ағын су мөлшерінің көп бөлігі жерге сіңіп, буланып немесе жер асты суларының тартылып кетуі секілді себептермен егістік алқабына дейін дұрыс жетпеуін сөз етті. Сондай-ақ, К-28, К-30 «Достық» магистральді каналының тармақтары күрделі жөндеуді талап ететінін жеткізді. Сонымен қатар, қолға алынғалы жатқан ИДЖЖЖ-3 жобасының жұмыстарын жетелдету үшін ықпал жасауды өтінді. Себебі, ИДЖЖЖ-3 жобасының аясында Асықата кенті, Ш.Ділдабеков, Мақталы, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм ауылдық округтерінде орналасқан 210 дана тік дренаж ұңғымасы іске қосылады.


«Қазіргі таңда аудан көлемінде ағын су мөлшері жеткілікті. Дегенмен, маусым, шілде айында ағын су мәселесі біздер үшін өте өзекті болмақ. Себебі, жаппай суғару кезеңінде шаруалар мен диқандар өздеріне қажетті ағын су мөлшерін ала алмауда», - деді аудан әкімінің орынбасары Асан Махамбетов.


Жиын соңында мәжілісмендер айтылған өтініштер мен көтерілген мәселелер аяқ асты қалмай, өзекті мәселенің шешімін табуға ықпал жасайтындарын жеткізді.


«Алдағы уақытта шалғай аймақтағы еңбеккеш Жетісай халқының тыныс тіршілігімен жиі-жиі хабар алып, еліміздің экономикалық өсуіне тікелей әсер ететін, ауыл шаруашылығы өнімінің артуына ықпал жасайтын боламыз», - деді Мәжіліс депутаттары.