Түркістандық шаруалар екінші өнім жинауды бастады

0
838

Бірінші егіннен 610,2 тонна өнім алған.


Түркістандық шаруалар екінші өнім жинауды бастады

Түлкібастық «ЕРСАРЫ» шаруа қожалығы 5 гектар жерге егін егіп, мол табысқа кенеліп отыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еске сала кетсек, көктем мезгілінде облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес бір жерден екі-үш өнім алу тапсырмасын іске асыру мақсатында Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың бастамасымен аудан аумағындағы шаруа қожалық төрағаларымен көшпелі семинар өткен болатын. Сол семинардың нәтижесі бүгінгі таңда өз жемісін беруде.

Мәселен, Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылындағы «Ерсары» шаруа қожалығы ерте көктемде жалпы 5 гектар жерге бірінші өнім ретінде 2 гектарына сарымсақ, 3 гектарына картоп егіп, маусым айының орта тұсында жинап алған. Содан-соң, 5 гектар жерді қайта өндеп 2 гектарына қияр, 3 гектарына ақ желкен егіп, қазіргі уақытта еңбегінің жемісін көріп отыр. Атап айтар болсақ, бірінші егін сарымсақтан 20 тонна, ал картоптан 75 тонна өнім алып, сарымсақтың келісін 550 теңгеден, картоптың келісін 110 теңгеден Сайрам ауданы мен Түлкібас ауданының базарларына өткізіп, мол табысқа қол жеткізген.

Ал екінші егілген қиярды егіс алқабынан 100-110 теңгеден, ал ақ желкеннің бір бумасын 100 теңгеден өткізіп жатыр. Шаруа қожалық төрағасы қияр көкөнісінен 30 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлаған. Сондай-ақ, шаруа қожалық науқан кезінде 15 адамды уақытша жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы аудан аумағында 155 шаруа қожалық көктем мезгілінде 266 гектар жерге бірінші өнімі ретінде көкөніс, бұршақ дақылдарын және картоп егіп, 610,2 тонна өнім алған. Бүгінгі таңда сол жерлерге еккен екінші өнімдерін жинауда.