517 спортшы өзара мықтыны анықтады.
Түркістандық спортшылар самбо және жауынгерлік самбодан өткен ел чемпионатында 11 медаль еншіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қарағанды қаласында 8-12 ақпан аралығында самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне республиканың барлық өңірлерінен 517 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Дүбірлі додада Түркістан облысының құрама командасы табысты өнер көрсетіп, 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль қоржынға салды. Атап айтар болсақ, 50 келі салмақта сынға түскен Жадыра Пайыз бен 59 келіде өнер көрсеткен Гүлзира Құдасбек чемпион атанды. Сондай-ақ, 64 келіде Меруерт Нұрмаханова мен 80 келіден жоғары салмақта Нұрилла Асанқызы қарсылас шақ келтірмей, қос алтынды қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, 50 келіде Айман Ибрагимова мен Шолпан Алтынбек күміспен күптелсе, 72 келідегі Ақбота Қыдырәлі де екінші орынды қанағат етті. Ал, қола медальді місе тұтқандар қатарында 50 келіде Айжан Жылқыбаева, 54 келіде Әлия Рад, 59 келіде Сая Әуелбекова және 80 келіде Ұлболсын Адилова бар. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының командасы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді.


