Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті.
Түркістандық жастар тоғызқұмалақ пен бестемшеден әлем чемпионатында жүлдегер атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркия Республикасының Амасья қаласында тоғызқұмалақтан U-19 жас санатындағы жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Дүниежүзілік додаға 12 елдің үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті.
Атап айтқанда, тоғызқұмалақтың классика түрінен Ердәулет Оралбай алтын медаль иеленсе, Вика Белицкая күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал блиц бәсекесінде З. Лес чемпион атанса, Ақерке Құдайберген күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Вика Белицкая мен Азеля Абдрали қола медальді қанжығасына байлады.
Бұдан бөлек, әлемдік дода аясында бестемше ойынынан жастар арасындағы Әлем чемпионаты да ұйымдастырылды. Бұл сында Мариям Тұрғынбай күміс жүлдеге ие болса, Ақерке Құдайберген қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, Түркістан облысының жас зияткерлері қос ұлттық ойын түрінен әлемдік деңгейде шеберліктерін дәлелдеп, өңір абыройын асқақтатты.


