Түркістандықтар Душанбеде өнер көрсетті

0
314

Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай іс-шаралар жоспарланған.


Түркістандықтар Душанбеде өнер көрсетті

Тәжікстан астанасында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай концерт өтті. Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы елшілігінің бастамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Мерекелік концертте Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының жезтаңдай әншілері мен дәулескер күйшілері өнер көрсетті.


Салтанатты шараға Тәжікстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарының және БАҚ өкілдері мен аккредиттелген дипломатиялық корпус шақырылды. Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Төреханов өзінің құттықтау сөзінде екі ел басшылары арасындағы өзара қарым-қатынастың жоғары деңгейін, стратегиялық әріптестік, өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дамуының оң динамикасын, сондай-ақ қазақ және тәжік халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің берік байланыстарын атап өтті.


Салтанатты іс-шара барысында қазақтың халық әндері мен күйлері, сондай-ақ қазақтың біртуар азаматтары Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, М.Байбосынов және басқа да авторлардың әндері шырқалды. Сондай-ақ тәжіктің белгілі әндері орындалды.


Айта кетейік, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай алдағы уақытта да бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.