Өмірзақ Шөкеев құрылысқа жауапты басшыларға тапсырмалар берді.
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік аумағы мен оған жақын жерде орналасқан көпқабатты үйлер сапалы ауыз сумен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында құрылысы биыл аяқталған су инфрақұрылымы жүйесінің маңызы зор. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған нысанға барып, жұмыс барысымен танысты. Сумен жабдықтау құрылымдары арқылы қаланың біраз бөлігі сумен қамтылады. Полиэтиленнен жасалған су құбырларының ұзындығы – 18,022 шақырым. Жобаны Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Bazis Construction» 2019 жылы бастап, биыл аяқтаған. Өңір басшысы Түркістанды сумен қамту аса маңызды екенін айта келе бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Одан кейін облыс әкімі Төтенше жағдайлар департаменті мен «Өрт сөндіру-құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің үшін әкімшілік ғимараты мен 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру бекетінің жай-күйімен танысты. Бұл маңызды нысанның құрылысы толық аяқталған. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған.
Аталған нысаннан кейін Өмірзақ Естайұлы 470 адамға арналған Полиция департаментінің ғимаратының құрылыс барысын бағдарлады. Нысанның мердігері – «Авторемстрой» ЖШС. Құрылыс 2020 жылғы қазан айында басталған, аяқталу мерзімі – 2022 жыл. Қазіргі таңда 1 және 2 блогы мен спорт блогының, уақытша ұстау абақтысының фасад жұмыстары аяқталған.
Айта кетсек, қазір барлық ғимараттар бойынша ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Түркістандағы 25 бригадаға арналған облыстық жедел көмек станциясының ғимараты да 2022 жылы ел игілігіне беріледі. Бүгінгі таңда әкімшілік бөлігі, 25 автокөлікке арналған гараж және қойма ғимараттарының шатырын жабу жұмыстары қолға алынған. Ішкі әрлеу және сыртқы инженерлік жүйелері де өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде.
Аталған құрылыс алаңдарын аралап көрген Өмірзақ Шөкеев нысандарды сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс екенін айтып, құрылысқа жауапты басшыларға тапсырмалар берді.