Олардың ішінде Қазақстанға тиесілі 4 нысан қамтылды: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Батыс Тянь-Шань, Тұран шөлдері және Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің бағдарлар желісі.
Болгарияның төрағалығымен Париж қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясы өтті. Оған үкіметаралық органның мүшесі ретінде Қазақстан делегациясы да белсенді түрде қатысты.
Отандық делегацияның құрамында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы жұмыс сапарымен барып, облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты жобаларға тоқталды.
– Біз ЮНЕСКО мамандарының 2024 жылы өңірімізге жасаған мониторингтік миссиясының ұсыныстарын, соның ішінде Түркістан облысының халқын таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты пікірлерін мұқият қарастырдық. Бұл – біздің өңір үшін аса өзекті мәселе. Бүгінгі таңда қолжетімді су көздері жеткіліксіз әрі олардың сапасы қойылатын талаптарға сай емес. Бұл жағдай халық денсаулығына кері әсер етіп отыр. Егер алдағы уақытта осы мәселені шешуге бағытталған жоба қаралатын болса, онда бірінші кезекте халықтың таза ауызсуға қол жеткізуіне басымдық беріледі. Біз бұл өлкеге жауапты тарап ретінде Батыс Тянь-Шань ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасы нысанының ерекше әмбебап құндылығын сақтау жөніндегі Комитеттің ұстанымын толық қолдаймыз, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Естеріңізге салсақ, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бірлесіп, 2016 жылы ЮНЕСКО тізімін Батыс Тянь-Шань атауымен енгізілген Дүниежүзілік табиғи мұрасына «Ақсу Жабағылы» және «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорықтары және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумақтары енген. Бұл мәртебе мемлекетіміз бен Түркістан облысының аталған аймақтардың әлемдік дәрежедегі бірегей табиғатын қорғауға жауапкершілігін білдіреді. Сондай-ақ аймаққа отандық және шетелдік туристерді тарту үшін жақсы мүмкіндік береді.
Сессия қорытындысымен Комитет Дүниежүзілік мұра тізіміне 26 жаңа нысанды енгізіп, 248 тіркелген нысанның сақталу жағдайы бойынша есептерді қарастырды. Олардың ішінде Қазақстанға тиесілі 4 нысан қамтылды: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Батыс Тянь-Шань, Тұран шөлдері және Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің бағдарлар желісі.
Комитет Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының қабылдануын ресми түрде құптады. Сондай-ақ аталған заңда мәдени мұраны қорғау, туризмді орнықты сипатта қадалағалау және қала дамуындағы қағидалар қамтылғаны, кесененің күзет аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын объектілер салуға жол берілмейтіні аталып өткен.
Қазақстан делегациясы өз баяндамасында осы заң актісінде 1972 жылғы Конвенцияға бірнеше рет сілтеме жасалғанын және Түркістан қаласының дамуы осы халықаралық құжатпен сәйкес екенін атап өтті.