​Қазақстан Дохадағы дүниежүзілік саммитте әлеуметтік даму саласындағы бастамаларды таныстырды

0
125

Іс-шараға жоғары деңгейдегі 180 өкіл, оның ішінде мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.


​Қазақстан Дохадағы дүниежүзілік саммитте әлеуметтік даму саласындағы бастамаларды таныстырды

Фото: Үкімет

ERNUR.KZ. Қазақстан Дохада өткен Әлеуметтік даму жөніндегі екінші дүниежүзілік саммитте әлеуметтік саясат және халықаралық ынтымақтастық саласындағы басымдықтарды таныстырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев бастаған қазақстандық делегация Қатар Мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен Әлеуметтік даму жөніндегі екінші дүниежүзілік саммитке қатысты.

Іс-шараға жоғары деңгейдегі 180 өкіл, оның ішінде мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Саммит жұмысына академиялық және іскер топтар, үкіметтік емес ұйымдар да қосылды. Саммиттің басты мақсаты — жаһандық әлеуметтік мәселелерді шешу, сондай-ақ әлеуметтік орнықтылық шараларын нығайту, инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз ету және БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі стратегияларды талқылау және әзірлеу.
Қазақстан делегациясының басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде әлеуметтік даму тұрақты әрі әділетті әлемнің негізі екенін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған кең ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары Қазақстанның жаңа технологияларды пайдалану саласындағы өңірлік көшбасшылығын атап өтіп, еліміздің экономикалық өсуін қолдау және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатындағы инновациялар мен цифрландыру саласындағы басымдықтарымен бөлісті.

Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, халықаралық ынтымақтастыққа және әділдік пен адами қадір-қасиетке негізделген болашақты құруға бейілділігін растады.

Саммит аясында Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен екіжақты келіссөздер өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қатар қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтіп, энергетика, телекоммуникация және басқа да салалардағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы ақпандағы Қатарға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Ғалымжан Қойшыбаев Қатардың байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Мұхаммед бен Әли Әл-Манайимен кездесу өткізді, онда цифрландыру, телекоммуникациялық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ электрондық үкімет саласындағы тәжірибе алмасу перспективалары талқыланды.
Қатар тарапына жасанды интеллект саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар да ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.
Сонымен қатар қазақстандық делегация басшысы Power International Holding компаниясының төрағасы Моутаз Әл-Хаятпен жұмыс бабындағы келіссөздер жүргізіп, оның барысында Қазақстанда холдингтің жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Айта кетелік әлем көшбасшылары әлеуметтік дамуды жеделдетуге бағытталған Доха декларациясын қабылдаған еді.