​Жетісайда аумағы 80 га болатын жаңа мөлтек аудан бой көтермек

0
2 252

Бұл жөнінде Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Жетісай қаласы активімен өткен кездесуде айтты.


​Жетісайда аумағы 80 га болатын жаңа мөлтек аудан бой көтермек

Алдағы жылдарда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың аудан орталықтарын жаңғырту мақсатындағы тапсырмасына орай Жетісай ауданының «Ақылды қала» жобасы бойынша жаңа мөлтек ауданның іргетасы қаланбақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақыттарда Жетісай қаласынанжалпы аумағы 80 гектарды құрайтын жаңа мөлтек аудан бой көтеретін болады. Осыған орай бейресми мәліметтер бойынша бүгінде халық саны елу мыңнан асып жығылатын Жетісай қаласының ауыз су жүйелері мен тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, қыста лай-батпақтан, жазда шаңнан арылмайтын кейбір ішкі орам көшелеріне күрделі және орта жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтқан аудан әкімі жаңадан тағайындалған шаһар басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, қала активімен кездесуде Жамантай Қанайұлы қаладағы қордаланған мәселелердің бір жылда шешіле салмайтынын, әрбір көтерілген тақырыптар мен айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп барып шешім қабылданатынын, ақылдаса отырып ел ағаларымен бірге барлық қиындықтарды жеңуге болатынын айтты.

«Сырттан келген қонақтар мен қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қаладағы тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарының тұрақты жүргізіліп келеді. Балалар мен жасөспірімдердің арасындағы қылмысты болдырмау, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануларын ұйымдастыру мақсатында заманауи спорт кешені мен демалыс орталықтары ашылады», - деді Жамантай Бейсенбаев.

Кездесу соңында аудан басшысы қала активін жер, үй, көлік, мүлік салықтарының дер кезінде төленіп тұруына ықпал етуге шақырды. Өйткені, дер кезінде төленген салықтардан түскен қаржы қала тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыруға жұмсалатын болады.