"Жұрт Қытайға барып жатыр, біз Шымкентке жете алмаймыз": Түркістан облысының тасада қалған ауыл тұрғындары жанайқайын айтты

0
1 570

Бір бұрышта қалып қойған ауылға қоғамдық көлік те қатынамайды.


Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Таскешу ауылының тұрғындары тасада қалып қойғандарын айтып, жергілікті билікке ренішін жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкенттің шекарасына кіре алмағаны бір бөлек, аудан әкімдерінің назарына тыс қалған. Тіпті, тіршілігіне қызығып, жағдайын сұрап келмейтін шенеуніктерге өкпелі.


Үшінші мегаполистің шекарасына кірмейтін ауылға қаладан мүлде қоғамдық көлік қатынамайды. Тұрғындардың басым бөлігі қалаға қатынап қызмет қылады. Оқу оқитын балалары тағы бар. Қаладан осы бағытта жүретін автобустар шаһардың шекарасы аяқталысымен шірене кері бұрылатын көрінеді.
«Жұрттың бәрі Қытайға ермекке барып келіп жатыр, ал біз көрші ауылға шыға алмаймыз. Автобус арманға айналған. Көлігі барлар бүкіл ауылды таси алмайды, өздерінің шаруасы бар дегендей, алдымен қатынасты реттеуді сұранамыз ", - дейді аталмыш ауылдың тұрғыны Жайылхан Қабылбеков.
Қатынас Таскешудегі жалғыз түйткіл емес, жарық та жел тұрып, жаңбыр жауған сайын жылпылдап сөне береді. Ал жол жұрттың жүйкесін де жұқартып біткен. Мұның барлығы Таскешудің бөлініс кезінде тасада қалып қойғандығынан дейді ағайын.
«Аудан орталығына баруымыз үшін, Шымкентті айналамыз. Өміріміздің жартысы жолда өтеді. Мұнда көлік көп жүрмейді», - деп шу шығарғандар әкімдіктегілерден күдерін үзген.
Ал Сайрам ауданының әкімдігіндегілер Таскешу ауылының мән-жайынан хабардар көрінеді. "Қайнарбұлақ" ауылдық округінің әкімінің сөзіне қарағанда, қоғамдық көлікті реттеу үшін сол ауылдың өзіне иек артып отырған сыңайлы. Сұраныс бойынша қаладағы «Тұран» компаниясымен келісіп, автобус жүргіздік дейді. Алайда, ол бағыт өзін-өзі ақтамағандықтан жұмысын тоқтатыпты. Енді тасада қалған ауылдан кәсіпкер шықса ғана, сөйлесіп бере аламыз деп отыр.
РЫСҚҰЛ ЕСБОЛАЕВ - "ҚАЙНАРБҰЛАҚ" АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
«Біріншіден, жеке кәсіпкер болса, бізде қазір Сайрамда қызмет көрсететін "Янс" ЖШС бар, сол арқылы қалаға маршрут әпереміз. Мен мына уақыт деп айта алмаймын. Сол елді мекеннен кәсіпкер шықса, сол арқылы шешеміз".

Ауыл әкімінің мұндай селқос әрі екіұшты жауабы тұрғындарды қанағаттандырмаған секілді. Демек, тасада қалған ауыл Қазақстанның үшінші мегаполисінің іргесінде орналасса да жуық арада мәселе шешілмей ме деп қорқады.