Қазіргі кездегі пластикалық терезелердің бекіткішін тіпті 2 жасар сәби де оңай аша алады.
Терезе алдында отырған баланы көрген кез-келген ата-ананың байбаламға салынатыны белгілі. Кейінгі кездері елімізде терезеден құлап кетіп жатқан сәбилер жайлы жиі естиміз. Оның бірден-бір себебі терезенің оңай ашылуы. Қазіргі кездегі пластикалық терезелердің бекіткішін тіпті 2 жасар сәби де оңай аша алады.
Оқыс жағдайдың алдын алу, сәбидің қауіпсіздігі үшін терезе орнатқан соң бірден бекіткішін арнайы құлыптардың көмегімен жетілдіріп алу керек. Ол үшін терезені ауыстырудың қажеті жоқ. Бекіткішті нығайтуға бірнеше минут немесе 1-1,5 сағат қажет. Ол бекіткішке орнатылатын құлыптың конструкциясына байланысты. Төменде балалар үшін терезеге қандай бекітпелер дұрыс екені жөнінде жазылған. Қажет кеңес, керектеріңізге жарайды деген сенімдеміз.
Терезеге арналған бекіткіштер түрі
Терезеге арналған бекіткіштер – бұл қарапайым және қымбат емес зат. Олар кез-келген, ағаш, пластик терезелерге бекітілебереді. Терезеге бекітпе орнатқан соң ата-ананың бала қауіпсіздігі үшін алаңдауы азаяды. Сондай-ақ мұндай бекітпелер ұрылардан да қорғайды. Жұмысы мен бекітілетін жеріне қарай бекітпелер бірнеше түрге бөлінеді:
№1 Құлпы бар тұтқа
Көптеген жандар терезе бекітпесінің ең бюджетті бірақ қорғанысы төмен түрін таңдайды. Яғни тек тұтқаны бұрап алып тастайды. Тұтқа жоқ болса ашуға да мүмкіндік жоқ. Алайда бұл 1-2 аптадан кейін ыңғайсыздық тудыра бастайды. Тұтқаны салған соң естен шығып қалып кетуі мүмкін немесе қайда қойғаныңыз еске түспей деген секілді ұсақ-түйек мәселелер шыға бастайды. Сондықтан аз да болса шығын шығарып, ыңғайлы, қауіпсіз бекітпе орнатқан дұрыс.
Терезе конструкциясын қауіпсіздендіру үшін құлпы бар тұтқа орнату ең тиімді, танымал тәсілдердің бірі. Кәдімгі тереземен бірге орнатылатын тұтұаның орнына құлпы бар, тек кілтпен ашылатын тұтқа орнатылады. Мұндай тұтқаның орнатылуынан терезенің функциясы еш өзгермейді. Басты кемшілігі – кілтті үнемі жаныңызда ұстап жүруге тура келеді, тіпті терезе ашып бөлмені желдету үшін де.
Көптеген өндірушілер ата-аналардың кілтті тұтқадағы құлыпта ұмытып кететінін ескеріп, кілтті өте ашық, жарқырып тұратын түсте шығарады.
Құлпы бар тұтқаның тағы бір түрі – батырмасы бар тұтқа. Атқарылатын жұмысы кілті бар тұтқамен бірдей. Тек кілттің орнына батырма болады. Батырманы ересек адам болмаса, кішкентай баланың басуға шамасы жетпейді. Мұндай тұтқаның оң тұсы – кілт іздеп әуре болмайсыз және оны үнемі жаныңызда алып жүрудің қажеті жоқ.
Жаңа тұтқаны ескінің орнына қойып алмастыру қиын шаруа емес. Ол үшін арнайы маман іздеудің қажеті жоқ. Бар болғаны ескі тұтқаның бұрағыштарын шешіп, тұтқаны алып тастап, орнына жаңасын қоясыз. Бар болғаны 10-15 минут уақытыңызда алады.
№2 Қаптама құлып
Жоғарыда айтып кеткен тұтқаға орнатылған құлып бөлмен желдетуді қиындатса, онда қаптама құлып орнатқан жөн. Оның негізгі оң тұсы кілтсіз-ақ тұтқаны өзіңізге қарай тартып терезені ашып бөлмені желдетіп алуға болады.
Қаптама құлып екі элементтен тұрады: құлып механизімі бар бөлігі бекітпенің астыңғы жағына орнатылса, екінші тілі бар бөлігі терезе жақтауына орнатылады. Кілт тек терезені толықтай ашу үшін ғана керек болады.
Мұндай құлыптың орнатылуы дрелмен жұмыс жасап жүргендерге ешқандай қиындық тудырмайды. Алдымен терезе жақтауы мен бекітерінен құлыпты орнататын орын белгілеп алу керек. Кейін сол жерді тесіп, құлыпты орнатасыз.
№3 Ойма құлып
Ойма құлыптың қаптама құлыптан айырмасы барлық элементтері терезе бекітерінде тұрады. Құлыптың артықшылығы терезеде құлыптың бар екені білінбейді. Мұндай құлыпты орнату үшін кәсіби мамандарға жүгінген жөн.
№4 Бұғаттауыш құлып
Бұғаттауыш құлып – ойма және қаптама құлыпқа қатты ұқсайды. Тек қосымша ілмегі бар. Мұндай құлыптарды терезенің 2-3 жерінен орнату ұсынылады. Сонда бала барлық ілгектерді аша қоймайды. Құлып терезе жақтауына орналастырылады. Бұл терезені ашып жабуда ешқандай кедергі келтірмейді. Әрине бұл басқа құлыптарға қарағанда ыңғайлы және әдемі емес, дегенмен бағасы арзан, оңай жөнделеді.
№5 Бітеуіш немесе розетка құлып (замок-розетка)
Құлып – розеткамен кей тұстары ұқсас болғандықтан солай аталған. Терезеге арнайы алынып салынатын тұтқа қойылады. Мұндай тұтқа тек пластик терезелерге ғана орнатылады. Орнатылуы оңай, қаражатқа үнем. Кемшілігі тұтқаны баладан жасырып, өзіңізбен бірге алып жүруге тура келеді.
№6 Арқанды құлып
Арқаны бар құлып велосипед құлыптарына ұқсайды. Құлыптың бір бөлігі терезе жақтауына, бір бөлігі терезеге орнатылады. Ортасын арқан жалғап тұрады. Арқанның ұзындығы терезе бөлмені желдетуге болатындай, бірақ бала сыймайтындай етіп ашуға арналып таңдалады.
Арқанды құлып көп ретте жылжымалы терезелерге қойылады.
Жоғарыда айтып өткендей терезеге бекіткіш орнату тек одан құлау қаупін азайтып қана қоймай, сондай-ақ сырттан ұры-қары, бөтеннің кіріп кетпеуіне де ықпал етеді.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,