Бөлме гүлдерінің жапырағы әдемі болуы үшін ЛИМОН қажет

0
12 671

Бөлме гүлдерін де "шомылдыру" керек...


Бөлме гүлдерінің жапырағы әдемі болуы үшін ЛИМОН қажет

Бөлме гүлдерін өсіру қазір көптеген қыз-келіншектердің хоббиіне айналып келе жатқандай. Қай үйге барсаң да жайқалған сәндік гүлдерді көруге болады. Оның үстіне қазіргі кезде бөлме гүлдерінің неше түрін сыйлыққа ұсыну сәнге айналған.

Алайда осынау гүлдердің өзі қандай сәнді болса, күтімі де сондай мұқияттылықты, бапты талап етеді. Бөлме гүлдеріне уақтылы су құйып, топырағын ауыстырып, қорек құйып тұрудан да өзге қажетті, маңызды іс бар. Тек оған кейбіріміз аса мән бере бермейміз. Алайда дәл осы жапырақтарға тұрған шаң гүлдің қурап, өліп қалуына себеп болып жатады.

Бөлме гүлдерін шаңнан тазартуда түрлі сұрақтар туындап жатады. Гүлдердің жапырақтарын қаншалықты жиі сүртіп тұру керек? Сабынды сумен гүл жапырақтарын сүртуге бола ма? Осындай сұрақтардың жауабын төменнен таба аласыз.


Бөлме гүлдерін де жуу керек пе?

Гүл жапырақтарына тұрған шаңның ұсақ бөлшектерікүн сәулесінен келетін энергияға және ылғалдың булануына бөгет болады. Нәтижесінде жасыл өсімдік қурап, солып немесе жапырақтарында қара дақтар пайда болып, гүлдемейді. Сондай-ақ өсімдік жапырақтарына тұрған шаң-тозаң үйдегі, ауадағы көзге көрінбейтін барлық зиянкестерді өзіне тарта бастайды. Сондықтан бөлме гүлдерінің жапыақтарын жиі сүртіп, мейлінше шаң аз, жарық жерге қою керек.


Гүлдерді қаншалықты жиі жуып тұру керек?

Жыл мезгілдеріне қарай ыдыстағы гүлдердің күтімінде айтарлықтай айырмашылық болады. Ауа-райы жылынған кезде, әсіресе жаз мезгілінде гүл жапырақтарын шаңнан кем дегенде аптасына бір мәрте тазартып отыру керек. Ал күз бен қыста сүртіп тазалау сирей бастайды. Айына бір мәрте жапырақтарын тазалап қойса болғаны.

Бірақ тропикалық және субтропикалық өсімдіктердің жапырақтарын қысы-жазы аптасына бір рет тазартып тұрған дұрыс.


Сабынды сумен жапырақтарды сүртудің зияны бар ма?

Ыдыстағы гүлдерді сабынды сумен сүртсе жақсы тазартады деген түсінік бар. Алайда бұл шындыққа көп жанаса бермейді. Тіпті сабынды су өсімдіктің өсуіне қарағанда өлуіне себеп болып жатады.

Сирек жағдайда, үйге жөнеу жұмыстары жүргізіліп гүлдердің жапырақтарын толықтай қалың шаң басқан кезде, сабынды сумен сүртіп шығуға болады.

Шаңды тазартуға сабын езілген су мен жұмсақ шүберек қажет. Жапырақтарды сабынды сумен сүртіп болған соң міндетті түрде артынан таза суға батырылған шүберекпен сүртіп, тазартып алған жөн.


Жапырақтарды сүртіп - тазаламастан бұрын қай әдіс тиімді екенін таңдап алған дұрыс.

Жылтыр, тегіс жапырақты өсімдіктер үшін ылғалты тазарту жеткілікті. Жапырақтарды жұмсақ сулы шүберекпен мұқият, жаймен сүртіп тазалап алу керек. Сүртіп жатқан жапырақтың астына міндетті түрде алақанды қойып сүрту қажет. Қалың тұрып қалған шаңдарды кетіремін деп жапырақты езіп ысқылаудың қажеті жоқ.


Майда, ұсақ жапырақты гүлдерді себезгінің көмегімен тазартады

Осы әдіспен олардың шаңдары тез тазарады және жұмыс сапалы болады. Ол үшін ыдыстағы гүлді ваннаға немесе сыртқа шығарып себезгі (душ) (сыртқа шығарған гүлге шашыратып себетін сепкіш пайдалануға болады) астына қойып "шомылдырып" алады. Тек су міндетті түрде жылы болуы тиіс. Сондай-ақ ыдыстағы топырақтың бетін гүлді жуып болғанша кленкамен жақсылап жауып қою керек.


Жұмсақ, барқыт тәріздес жапырақтарды жууға болмайды

Жұмсақ, барқыт тәріздес жапырақтарды тек құрғақ күйінде ғана тазарту керек. Ол үшін жұмсақ қылшақпен (щетка) жапырақтардағы шаңды мұқият тазартып алу керек.


Кактус гүлінің тікенектерін де шаңнан тазартып тұру қажет

Ол үшін қылқалам (кисточка) қажет. Тек қылқаламның қылшығы қалың әрі қатты болғаны жөн. Бұл тазарту жұмыстарын жеңілдетеді.


Гүлдердің жапырағын жылтырату үшін лимон пайдалану керек

Гүлдердің жапырағы жылтырап, қанық жасыл түскен ену үшін лимон шырынымен сүрткен дұрыс.

Ол үшін қайнап суытылған таза су қажет. Жарты стақан суға 1 шәй қасық мөлшерде лимон шырынын араластырып сорғышпен (губка) сүрту керек. Лимон шырыны қосылған қышқыл су жапырақтардың жылтырап, қанық түске енуіне септігін тигізеді және шаңнан, су бүркуден қалған тамшы іздерінен жақсы тазартады.

Лимон шырынымен кез-келген тегіс, жылтыр жапырақтарды сүрте беруге болады. Мысалы, "Монстера", "Әйел бақыты", "Доллар" деп өз тілімізде атап кеткен және көптеген басқа да гүлдерді тазалауға болады.

Лимон шырынымен жапырақтарды сүртпес бұрын, оларды жай суға батырылған шүберекпен сүртіп, шаңнан тазартып алу керек.

Натуральное средство для полировки листьев комнатных растений.


Қандай гүлдің жапырағын жылтырату керек және керек емес

Жаңадан өсіп шыққан жас жапырақтарды жылтыратудың қажеті жоқ, олар онсыз да түсін жоғалтайды және жас, әлсіз болған соң тез бүлінеді. ал жылтыратуды талап ететін сабақтың астыңғы жәәне ортаңғы бөлігіндегі жапырақтар. Олар уақыт өте шаңды көбірек жұтып, өзінің жылтыр, қанық түсін жоғалта бастайды.


Бөлме гүлдерін тазартудың жалпы ЕРЕЖЕСІ

Ыдыстағы гүлдердің күтімінде бірнеше ережені ұстанған дұрыс.

  1. Гүлді шаңнан тазартқанда жапырақтың тек беткі қабатын ғана емес, астыңғы жағын да тазарту маңызды. сондай-ақ сабағын да сүртуді ұмытпау керек. Себебі оларға да өте көп шаң жиналады.
  2. Егер жапырақтарды сүртіп немесе жуып жатқан кезде түсіп қалса, онда ол жапырақтарды топырақтан бірден алып тастау керек. Себебі шіріген жапырақ бактериялардың көбеюіне тікелей жол ашады.
  3. Су бүркіген немесе жуған жағдайда, жапырақтардағы суды жұмсақ шүберекпен сүртіп алу керек. Жапырақта қалған су тамшылары оны шірітіп жібереді.
  4. Жапырақтар жуып, сүрткен соң әлде де ылғалды болып тұрса, онда оларды күн көзі түсетін жерге қоюға болмайды.
  5. Бөлме гүлдерінің ылғалын тек бөлме ішінде ғана құрғату қажет.
  6. жуған, сүрткен, ылғал тиген жапырақтары бар гүлдерді өкпек желге сквозняк) қоюға болмайды.
  7. Ең негізгі ереженің бірі - тұрақтылық. Яғни тұрақты түрде жапырақтарды тазартып, шаңын сүртуп тұрғанда ғана біздің жасыл желегіміз жайқала түседі.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ