​Қажетсіз косметика ҚҰРАЛЫН тастамаңыз

0
2 130

Бір қарағанға керексіз, жарамсыз болып көрінетін заттар да үй-тұрмыста үлкен пайда әкелуі мүмкін.


​Қажетсіз косметика ҚҰРАЛЫН тастамаңыз

Шашыңызға тура келмейтін сусабын немесе шомылуға арналған гель, иісі ұнамайтын лосьон, гель, түсі сізге тура келмейтін далап – мұның бәрі сөреңіздегі орынды текке алып тұр ма? Тастап жіберуге қимайсыз. Ендеше, мына төмендегі тәсілдерді қажетіңізге жаратып көріңіз.


Лосьон, тоник, мицеллярлы су

Құралдардың пайдаға аспай қалуының бірнеше себебі бар: иісі ұнамай қалады, теріңізге жақпайды, сақтау мерзімі бітуге жақын. Қандай пайдаға асыруға болады?

  • Жақсы антисептик: спиртті тониктер қолды, телефонды, клавиатураны жақсы тазартып, залалсыздандырады. Киімдегі дақтарды жақсы тазартады. Затбелгі мен жапсырмаларды күш салмай-ақ жылдам кетіреді.

  • Мицеллярлы су ашық түсті былғарыдан тігілген киімдегі тұрып қалған дақты жақсы кетіреді.

  • Айна мен шыны заттарды жалтыратып тазартуға болады. Егер қолыңызда айна тазартатын құрал болмаса, онда орнына лосьон мен тоник көмектеседі. Айна сүртетін шүберекке кішкене ғана құйып алсаңыз жеткілікті.


Сусабын, душьқа арналған гель, шашқа арналған бальзам

  • Кез келген сусабын немесе себезгіге арналған гель үйді ретке келтіруде жақсы көмекші. Еденді, жиһаздарды, кафелді сүртетін кезде екі-үш ас қасық қосып жіберсеңіз, тек тазартып, жылтыратып қана қоймайды, сонымен бірге хош иіс те береді.

  • Балаларды қуантыңыз. Сусабын немесе себезгіге арналған гелден керемет көпіршіктер шығады.

  • Мұқият жууды қажет ететін киімдерді сусабын немесе себезгіге арналған гелмен жуатын болсаңыз, ұнтақпен жуғандай көп уақыт алмайды және бастапқы түсі оңып кетпей жақсы сақталады. Ал шашқа арналған бальзам, киімдерді жұмсақ етіп тұрады. Яғни шайғыш (ополаскиватель) орнына пайдалана аласыз.


Далап немесе ерінге арналған бальзам

  • Ерінге арналған бальзам былғарыдан жасалған аяқ киімнің артқы бөлігін жақсы жұмсартады, мүйізгек болудан сақтайды. Сондай-ақ аяқ киімге арналған кремді алмастырады. Аяқ киімді жалтыратып, жұмсартып, ұсақ сызықтарды жасырады.

  • Егер балаңыздың бәтеңкесінің бауы жиі шешіліп кете берсе, онда гигиеналық далап жақсы көмектеседі. Бауға далапты жағып қойсаңыз жеткілікті. Сонымен бірге сөмкедегі, жейдедегі жүгіртпелер бір орнында тістеліп қалса, гигиеналық далап жағып қойыңыз.

  • Қолыңыз ісіп кетіп сақинаңыз шықпай қалса, ерінге арналған бальзам немесе майлы далапты сақина айналасына жақсаңыз тез шығады.

Бір қарағанға керексіз, жарамсыз болып көрінетін заттар да үй-тұрмыста үлкен пайда әкелуі мүмкін, бұл бір жағынан қаражатқа үнем. Тек ол үшін кішкене ой мен фантазияны іске қосу керек.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.