ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: Кімдермен ҚАЛЖЫҢДАСУ қауіпті?

0
287

«Намысыма тиді, беделімді төмендетті» деп , сіздің де абыройыңызға нұқсан келтірудің амалын іздейді


ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: Кімдермен ҚАЛЖЫҢДАСУ қауіпті?

Сурет:psychologybrain.com

Әзілдесіп күліп, қалжыңдасып сыйласа білгенге не жетсін?! Әйткенмен, оған әркім әртүрлі қарайтынын ұмытпаңыз. Кей адамдар әр әзілге өте байыпты қарап, астарынан зіл іздеп тұрады. Олар қағытпа сөздің бәрін өте сезімтал қабылдайды. Тіпті жай күлкі үшін айтыла салған жеңіл әзілдің өзін жеке басына шабуыл деп ұғуы мүмкін. Кімдер әзіл көтереді және кімдермен қалжыңдасқанда абай болу керегін білу үшін астрологиялық болжамға көз жүгіртіңіз.


ТОҚТЫ

Қалжыңдасқанды жақсы көреді. Бірақ тым шектен шықпаңыз. Әйтпесе, жүзі күліп тұрып, сарказмның өткір жебесін өзіңізге қарай атып жібереді. Қайтарма қалжыңы аяусыз, ащы әрі ауыр болады. «Күлкі – шабуылдың ең тиімді түрі» деп есептейді.


ТОРПАҚ

Тамақ туралы әзілді жақсы көреді. Бірақ өзі туралы қалжың естісе, алғашында жымиып, кейін іштей ренжіп, оны бәлішпен ұмыттырады. Кек сақтамайды, тек есте ұстайды.


ЕГІЗДЕР

Қағытпа-қалжыңның чемпионы. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегенді ұстанып, кіммен де болсын қалжыңдаса кетуге дайын тұрады. Ешкімге зияны тимейді, астарында ауыр зілі жоқ, жай ғана күлкі сыйлайды. Қалжыңы айналасындағыларға өтпесе де, өзі айтып, өзі күле береді.


ШАЯН

Сезім пернесі әрқашан қосулы. Әсіресе, қалжыңға келгенде. Егер сіздің қалжыныңыз көңіліне тисе, жүрегіне ауыр алса, одан кейін үш күн сөйлеспей қоюы мүмкін. Сіз жай әзіл айттым деп ойлайсыз, ал ол неше түрлі астар іздеп тауып, ескі жараларын еске түсіріп, сізге сырттай ренжіп жүрген болуы әбден мүмкін. Кек қайтаруды мақсат тұтпайды, алайда, ұмытпай, ренішін ішінде сақтап жүреді. Бірақ өзі ренжітсе, «жай ғана әзілдедім ғой» деп құтылуға тырысады.


АРЫСТАН

Арыстанмен қалжыңдаса қалсаңыз, әліптің артын бағыңыз. Қарсы шабуыл жойқын болуы мүмкін, дайындалыңыз. Өйткені олар әзілге күлген сияқты көрінеді, тіпті сендіріп тұрып әсерлі күле алады. Бірақ ішінде драма, шайқас, реніш басталады. Әсіресе, оның мақтан тұтатын қасиеттерін не заттарын күлкі етсеңіз, көңілінде үлкен дақ қалады. «Намысыма тиді, беделімді төмендетті» деп санап, сіздің де абыройыңызға нұқсан келтірудің амалын іздейді.


БИКЕШ

Сарказм мен иронияның хас шебері. Бірақ өзі туралы қалжың айтылса, терең ойға түседі. Логика сүзгісінен өткізеді. Дәлелсіз әзілді жақтырмайды. «Неге бұлай күлдің? Бұл мен туралы ма? Мен жайлы шынымен солай ойлайсың ба?» деген сияқты сұрақтарын жаудырады. Әзілді қабылдауы қиын, әсіресе ол сынмен ұштасса.


ТАРАЗЫ

Күлкі теңгерімін сақтайды. Басқалармен бірге өзі де риясыз, ренішсіз күлсе, бәрі дұрыс. Бірақ қалжыңыңыз шектен шықса, үн-түнсіз отырған жерінен тұрып кетіп қала салады.


САРЫШАЯН

Қалжың түсінеді. Бірақ кек сақтайды. Әзіліңізді жекесіне өту, мазақ ету деп қабылдап қалса, алдағы 3-4 жыл бойы сізбен араз болуы әбден мүмкін. Кек алатын оңтайлы сәтті күтеді. Сондықтан Сарышаянмен әзілдескенде шекараны жақсы білген абзал.


МЕРГЕН

Ең әзілқой белгілердің бірі. Әзілді шексіз жақсы көреді. Бірақ кейде өзі айтқан қалжыңның салмағын сараламай қалуы мүмкін. Оны басқалар ауыр қабылдайды, ал Мерген оны байқамайды. Осылайша адамдармен арақатынасын бұзып алуы ықтимал.


ТАУЕШКІ

Қалжыңды кеш түсінеді. Әзілді естіген соң біраз ойланып, бір сағаттан кейін күлуі мүмкін. Бірақ өзі айтқанда, философиялық сарказммен ұрып түсіреді. Әр қалжыңның астарына байыппен қарайды. Сол сәтте күлуі мүмкін, бірақ кейін ол туралы қайта ойлап, «бұл жай әзіл болған жоқ» деген қорытынды шығарып, қарым-қатынасқа салқын қарай бастайды.


СУҚҰЙҒЫШ

Әзілдің түр-түрін ұнатады: ғарыштық, абсурд, логикалық, тіпті түсініксіз. Бәріне ішек-сілесі қатып күле береді. Кейде жұрт оның неге күліп жатқанын түсінбей қалуы да мүмкін.


БАЛЫҚТАР

Әзілді жақсы көреді, әсіресе армандауға итермелейтін қиялшыл қалжыңдарды. Бірақ тым қатты шымшыма әзіл болса, үнсіз жылап қалуы мүмкін (іштей, әрине).

Қалжыңда ең маңыздысы – адамның мінезін сезу. Әзіл жақсы әсер қалдыру үшін жүрекпен де, сезіммен де айтылуы керек.

Жұлдызнама – бір нұсқа ғана, бірақ әр адамның өмірлік тәжірибесі мен көңіл-күйі қалжыңға деген реакциясына көбірек әсер етеді.

АУДАРҒАН: А. МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ