Жұлдызнама: Қандай қария болатыныңызды білгіңіз келе ме?

0
3 557

Қарттығының қандай болатынын білгісі келмейтін жан жоқ шығар. Әсресе, орта жасқа жете бере бұл жайлы ойлар бұрынғыдан көбірек келе бастайды. Кейбіреулер «Мен мынандай ата (ене, әже) боламын» деп бүгіннен алдына мақсат қойып жатады. Бірақ, өмір өз дегеніңізді жасата ма, әлде өзге арнаға бұрып жіберіп, басқаша қарттық сыйлай ма – бұл жағы белгісіз. Тек, болжам ғана жасай аламыз.


Жұлдызнама: Қандай қария болатыныңызды білгіңіз келе ме?

фото: yapokupayu.ru

Тоқты

Уақыт сіздің мінезіңізге де, мақсатыңызға да әсер ете алмайтындай. Өзіңізге не керегін және қалай болу қажеттігін білесіз. Құжаттағы жасыңыз қандай болса да, жүрек пен жаныңыздың жасы әрқашан жиырманың о жақ-бұ жағында. Бұған дейін солай болып келді, қазір солай, болашақта да сол қалпында қалады. Қартайғанда да жүректегі жастықты, көңілдегі көтеріңкі күйді, бойдағы қуатты сақтап қалу қолыңыздан келеді. Ұл-қызыңыз былай тұрсын, немерелеріңізбен бірдей көзқарастағы, заман ағымынан қалыспаған қария боласыз. Бұған бойыңыздағы позитив, салауатты өмір салтына деген махаббатыңыз себепкер.


Торпақ

Торпақтардың жасы ұлғайған сайын мінез-құлқы да өзгере береді екен. Мәселен, жас кезінде қызуқанды болса, егде тарта келе барынша салмақты, сабырлы болады. Бойжеткендер жасында өздерін ұлша ұстаса, жас қосқан сайын нағыз ханымға айналады. Тек, бір жаманы, бұл белгі иелері жасы келген сайын өткеніне көп қарап, өкінішті сәттерін, жіберіп алған мүмкіндіктерін жиі еске алады екен. Қартайғанда кешкен күніне, өткізген ғұмырына разы емес қария болғыңыз келмесе, бүгіннен бастап осы әдетке қарсы күресіп үйренген абзал. Сонда немерелеріңізге өткен өмірінен тек жылы естеліктер мен жақсы сәттерін баяндап отыратын ата-әжеге айналасыз.


Егіздер

Бұл белгі иелері жас күнінде үнемі көңілді де шулы топтың ортасында жүргенді, бар назардың өзінде болғанын қалайды. Алайда, жыл өткен сайын көңілінің бұл қалауы басыла береді екен. Жасы отыздан асып, қырыққа тақай бере-ақ оңашалық пен тыныштықты іздей бастайды. Табиғат аясындағы тып-тыныш жер, жылы төсек, қызықты кітап – егде тартқан Егіздердің арманы осылай ойысады. Оңашалық пен тыныштыққа ұмтылудың бір бұрыс тұсы – немере-шөберенің у-шуынан аулақ болуға тырысу. Иә, ондай ата-әжелер де болады.


Шаян

Бала кезінен мінсіздер мен үздіктердің қатарынан көрінетін, анасының ең ұқыпты да тілалғыш баласы, ұстаздардың сүйікті шәкірті болатын Шаяндар жасы егде тартқанда да өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсететін ақылшы ана, данагөй ақсақал атанады. Кәрілікке жеңдірмей, үй-ішін, әсіресе, немерелерін өз қолымен пісірген тәттілерімен тамсандырып жүреді. Өсиеті мен өткен күннің естеліктерін айту арқылы ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосуды да ұмытпайды.


Арыстан

Уақыт табы тез өзгертетін белгі иелерінің тағы бірі – Арыстан. Жас кезінде өзіне өте сенімді, өзін бәрінен биік санайтын, өзінің дұрыстығына ешқашан күмән келтірмейтін оларер қарттық жасында жасқаншақ, жұмсақ мінезді, көнбіс кісіге айналады. Уақытының көбін немере-шөберелеріне арнайды, оларға ата-әжелік мейірімін төгуді, балаларына қарасуды өзіне міндет санайды.


Бикеш

Қарттық не зейнеткерлікті Бикештер бәрін басынан бастауға немесе өмірін түбегейлі өзгертуге берілген мүмкіндік деп қабылдайды. Сондықтан, жүзін әжім торлап, жасы біразға келсе де, әлемді аралап, жиһанкездікпен айналысып, жалғанды жалпағынан басып жүрген кісі көрсеңіз, «шамасы, Бикеш болар» деп болжамдай беріңіз. Оларды ешқандай кәрілік қорқыта алмайды. Жылдар бойғы жинаған тәжірибесі мен даналығын пайдаланып, кейінгілерге үлгі көрсететін ақылшы қарияға айналады.


Таразы

Бірде тыныш та бірқалыпты өмірді аңсайтын, енді бірде шулы да айтулы оқиғалардың ортасында жүргенді жаны сүйетін Таразылардың қалауы құбылмалы. Өзіне нақты не керегін тап басып айта алмайды. Өмірін жиі өзгерткісі келеді, сонымен қатар, өзгерістен қорқатыны да бар. Бірде барлық бос уақытын отбасымен бірге ошақ қасында өткізуді қаласа, енді бірде бәрін тастап жалғыз өзі басы ауған жаққа қашып кеткісі келеді. Алайда, мұндай құбылмалылық жсы келе өздігінен басылады да, күнделікті өмір мен отбасының бірінші орында, қалғанының бәрі қосымша екенін мойындайды. Сөйтіп, қарттық келгенде отбасына шын берілген, бар тілегі балаларының үстінде болатын, бар уақыты мен көңілін немере-шөбереге арнайтын қарияға айналды.


Сарышаян

Бойында қуат, қолында күші барда Сарышаяндар айналасындағының бәрін сөзбен түйреп, ісінен мін тауып, әйтеуір біреудің көңілін қалдырып жүреді. Сіз де солай болсаңыз, абайлаңыз, мұндай мінезбен егде тартқанда жалғыз қалуыңыз бек мүмкін. Иә, жасы келген сайын жұмсақ сөйлеп, көңілдің кілті аспанда екенін, өзгенің көңіліне қарау керектігін ұғынатындар да бар. Солардың қатарынан болып, өзіңізді тәрбиелей алсаңыз, бірінші орынға жақын-жуықтары мен ұрпағын қоятын мейірімді де сүйікті ата-әжеге айналасыз.


Мерген

Бұл белгі иелері физикалық тұрғыда жас болса да, ойы ерте есейеді. Сана-сезімі биологиялық жасынан көш ілгері жүреді. 30 жастың өзінде-ақ кәрілік жайлы көп ойлап, кешегісін қайта-қайта таразылайтын, болашағына жиі алаңдайтын, қазымыр да мазасыз жанға айналады. Зейнет жасына жеткенде әдемі қартайған, өмірін мағыналы да мәні өткізген, сырт ажарын да сақтаған қариялардың қатарына енеді.


Тауешкі

Бар ғұмырын алдына мақсат қойып, соған жету жолына арнайды. Бірақ, жете алар ма екен, оны уақыт көрсетеді. Адамның бұл дүниеге тынымыз еңбектену үшін ғана емес, рахаттана күн кешіп, бір-бірін сүйіспеншілікке бөлеп, өмірдің ләззатын да сезінуге келгенін жасы ұлғайғанда ғана ұғады.


Суқұйғыш

Жас кезінде сауық-сайран мен көңілді кештерді жақсы көретін Суқұйғыштар да жасы ұлғая келе тыныштықты қалайтын болады. Сондай-ақ, кім көрінгенге ақылын айтып, жөн сілтеуді жаны сүйетін қариялардың да бірқатары осы белгі иелерінен шығады. Мұндай әрекеті өзгелерді мезі етсе де, бәрін қателіктен сақтандырғысы келетін, жақсылық тілейтін игі ниеттен туатындығын ескеріп, кешіріммен қарауға болады.


Балықтар

Бұл белгі иелері жасына жас қосқан сайын мінез-құлқы да, көзқарасы да, өмір салты да өзгере береді. Еш алаңсыз, мұңсыз-қамсыз жастықпен ерте қоштасады. 25 жасқа жақындағанда ой-өрісі, сана-сезімі ересек тартқан, бүгінімен қоса, ертеңін де көп ойлайтын жанға айналады. Мұның жақсысымен қатар, жаман да жағы бар. Сондықтан, егделікке ерте дайындалып, бәрін ертеңге сақтап өмір сүрмей, бүгінгі күніңізді де бағалап үйренген артық болмайды.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ