9 жастағы нидерландылық вундеркинд университет дипломын алған ең жас түлек атанбақ

0
772

Лоран Симонс электротехника факультетінде оқиды.


9 жастағы нидерландылық вундеркинд университет дипломын алған ең жас түлек атанбақ

ERNUR.KZ. 9 жастағы нидерландылық вундеркинд Лоран Симонс бірнеше айдан соң Эйндховендегі Техникалық университетті тәмамдайды. Осылайша ол жоғары оқу орнының дипломын алған ең жас түлек атанбақ, деп жазады ҚазАқпарат.

Әзірше бұл атақ 10 жасында Алабама университетін бітірген америкалық Майкл Карниге тиесілі.

Лоран Симонс электротехника факультетінде оқиды. Университетке ол небары бір жыл бұрын түскен. Ал оған дейін орта және жоғары сынып оқушылары меңгеруі тиіс алты жылдық білім бағдарламасын 1,5 жыл ішінде меңгеріп, 8 жасында орта білім алғаны жөнінде аттестатқа қол жеткізген.

Жазғы демалыстан кейін ол университетте білімін жалғастырды. Мұнда да жас талант оқу бағдарламасын өзімен бір топта оқитын студенттерден жылдамырақ меңгеріп кетті.

Баланың IQ-і — 145, ол керемет есте сақтау қабілетіне ие. Лоранның айтуынша, оның сүйікті пәні — математика, себебі ол статистика, геометрия және алгебраны қамтиты.

Зейінді жас болашақта кардиохирург болғысы келеді. Ол мектепте оқып жүрген кезінде Амстердам университеті медициналық факультетінің медицина курсын оқып алған екен.

Лоранның анасы Бельгияда туған, ал әкесі голландиялық азамат. Өзі Бельгияда өмірге келген. Қазір отбасымен Нидерландыда тұрады.