Әлеуметтік желіде Алматыдағы Dostyk Plaza сауда және ойын-сауық орталығынан қонақтар эвакуацияланғаны туралы ақпарат тарады.
Фото: Tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Сауда орталығы әкімшілігі ғимаратқа кіруге және көлікпен өтуге уақытша шектеу қойылуы мүмкін екенін ескертті, деп жазады tengrinews.kz.
Мән-жайы
2 қарашада әлеуметтік желіде Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығынан адамдар эвакуацияланғаны туралы хабарламалар тарай бастады. Осыған байланысты сауда орталығының ресми парақшасында қонақтарға арналған мәлімдеме жарияланды.
"Түскен ақпаратқа байланысты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Dostyk Plaza сауда орталығында қажет шаралар қабылданып жатыр. Осыған орай сауда орталығына кіруге және көлікпен өтуге уақытша шектеу қойылуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Әкімшілік қонақтардан сабыр сақтап, СОО қызметкерлерінің нұсқауын орындауды сұрады.
Алайда Dostyk Plaza әкімшілігі қандай ақпарат түскенін және қауіпсіздік шараларының нақты себебін түсіндірмеді.
Tengrinews.kz редакциясы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне және Полиция департаментіне жүгінді. Материал жарияланған сәтте ведомстволардан жауап келген жоқ.


