Адам шошырлық оқиға Иран елінде болған.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Ирандық «Қара жесір» лақап атымен танымал әйел адам 11 күйеуін өлтірді деген күдікке ілінді. Дегенмен құрбан болғандар саны екі есе көп болуы мүмкін, деп жазады Azattyq Rýhy.
Baza Telegram каналының мәліметінше, 58 жастағы Күлсүм Акбари 2023 жылдың қыркүйегінде 82 жастағы жұбайының күмәнді жағдайда қаза табуынан кейін ұсталды. Al Arabiya агенттігінің хабарлауынша, ер адам қайтыс боларынан біраз бұрын туыстарына әйелі оғаш қылықтар танытып жүргенін айтқан. Оның өлімінен кейін марқұмның ағасы полицияға жүгініп, сараптама жасап, тергеу жүргізуді талап еткен. Осыдан соң Акбари қамауға алынды.
Тергеу кезінде ол 11 адамды өлтіргенін мойындады. Әйелдің айтуынша, ол ылғи да жалғыз тұратын, қарт, аурушаң, бірақ дәулетті ер адамдарға тұрмысқа шыққан. Мұндай «күйеу табуға» оған белгісіз делдалдар көмектесіп отырған. Күлсүм қалыңмал алу шартымен некеге тұрып, көп ұзамай күйеулері ауыра бастаған, кейін қайтыс болған. Алғашқы құрбандарының бірін ол алдымен техникалық спиртпен улап, артынша тұншықтырып өлтірген.
Содан кейін ол абайлап әрекет ете бастаған: гипертонияға қарсы немесе қан қысымын төмендететін дәрілерді сусындарға араластырып беріп, дозасын біртіндеп арттырған. Күйеулерінің жағдайы нашарлаған кезде, оларды ауруханаға апарып, өзін қамқор жұбай ретінде көрсеткен. Ем-домнан кейін ол дәрі мөлшерін қайта көбейтіп, ақыры күйеулерін өлтіріп, олардың мүлкіне мұрагерлікке қол жеткізіп отырған.
Мәліметтерге сүйенсек, 2001 жылдан 2023 жылға дейін Акбаридің 18 көңілдесі мен 19 ресми некесі болған. Бұл ер адамдардың барлығы қазір өмірде жоқ, сондықтан тергеушілер оның құрбандары 11 адамнан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.