Оқиғаға байланысты іздестіру-құтқару жұмыстары мен тергеу жүргізіліп жатыр.
Фото: ya.news
ERNUR.KZ. Borr Drilling компаниясына тиесілі Prospector 5 бұрғылау қондырғысы Габон жағалауында суға батып кеткен. Борттағы 115 адамның бесеуі хабар-ошарсыз кеткен, деп жазады baq.kz.
Reutersагенттігінің мәліметінше, бұрғылау жұмыстары кезінде топырақ қабаты бұзылған. Соның салдарынан қондырғының тұрақтылығы жоғалып, кейін суға батқан.
Prospector 5 қондырғысы Бермуд аралдарында тіркелген, теңізде бұрғылау жұмыстарымен айналысатын Borr Drilling компаниясына тиесілі әрі сол компанияның басқаруымен жұмыс істеген. Қондырғы Габон жағалауында BW Energy компаниясының тапсырысы бойынша бұрғылау жұмыстарын жүргізген.
Borr Drilling бас директоры Бруно Моранд хабар-ошарсыз кеткен адамдар мен оқиғадан зардап шеккендердің тағдырына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қазір басты міндет – іздестіру-құтқару жұмыстарына қолдау көрсету және оған қатысатын барлық қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
BW Energy компаниясы іздестіру-құтқару жұмыстарын Borr Drilling, Габон билігі және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесіп жүргізіп жатқанын хабарлады. Габон президенті Брис Олиги Нгема жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтып, әскери-теңіз күштерін қоса алғанда, барлық қажетті мемлекеттік ресурсты жұмылдыруды тапсырған.
Елдің Мұнай және газ министрлігі оқиғаның себептері мен оған қатысты жауапкершілік мәселесін анықтау үшін тергеу бастады.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, BW Energy компаниясы MaBoMo өндірістік платформасындағы мұнай өндіру жұмыстарын да уақытша тоқтатты. Компанияның мәліметінше, өз нысандарының зақымданғаны немесе зиянды заттардың теңізге таралғаны туралы ақпарат түспеген.


