Баланы алып тастаған дәрігерлер 99 жылға дейін түрмеге кесіледі
Алабама әйелдерінің абортқа тыйым салатын заңға наразылық білдіруі. 14 мамыр 2019 жыл.
ERNUR.KZ. АҚШ-тың Алабама штатының сенаты әйелдерге баланы алдырып тастауға тыйым салатын, аборт жасаған дәрігерлерді қылмыстық жауапқа тартатын заң қабылдады. Бұған дейін бұл заңды штат конгресі қабылдаған. Енді құжатқа губернатор қол қоюы керек, деп жазады azattyq.org.
Қазір Алабаманы республикашыл Кэй Иви басқарады. Иви абортқа тыйым салуды қолдағанымен, бұл туралы ойын жария білдірген емес.
Ананы аман алып қалу үшін жасалатын абортты есептемегенде заң жүктіліктің кез келген кезеңінде баланы алдырып тастауға тыйым салады. Туысынан не зорлықтан кейін бала көтерген әйелге де аборт жасауға рұқсат етілмейді. Ал баланы алып тастаған дәрігерлер 99 жылға дейін түрмеге кесіледі.
Қазір АҚШ-тың барлық аумағында аборт жасату заңды саналады. Алайда әр штатта бұл жағдайды реттейтін түрлі заң бар.
Сарапшылар Алабамада қабылданған заң әйелдердің конституциялық құқығына қайшы екенін айтады. Олар "бұл заң АҚШ Жоғарғы сотында қаралуы мүмкін" дейді. Бұған дейін Техаста қабылданған аборт туралы заңды Конституциялық сот заңға қайшы деп тапқан.