Әлемде коронавирус қайта өршіп барады

0
676

Үндістан "Ковид-19" жұқтырғандар саны бойынша Ресейден озып, әлемдік тізімде үшінші орынға шықты.


Әлемде коронавирус қайта өршіп барады

ERNUR.KZ. Испанияның солтүстік-батыс өңірінде қатаң карантин жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Австралия кеселдің дендеуіне байланысты екі штат арасындағы қозғалысты тоқтатты. Үндістан «Ковид-19» жұқтырғандар саны бойынша Ресейден озып, әлемдік тізімде үшінші орынға шықты.

70 мың халқы бар Испанияның Галисия өңірі қайта қатаң карантинге жабылды. Себебі бұл ауданда анықталған жаңа 258 індеттің 117-сі дәл осы өңірдің тұрғындары. Сондықтан мұнда 10 адамнан аса жиналуға тыйым салынған. Қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттелді. Өңірден шығуға рұқсат жоқ. Галисия билігінің пікірі бойынша, індеттің өршуіне мейрамхана мен барлардың ашылуы себеп болған. Сондықтан мұндай орындардың жұмыс кестесі мен келушілер саны 50 процентке қысқарады. Сондай-ақ, бүгін Каталонияның бір өңірі де қайта карантинге оралғанын айта кетейік.

Испания – Еуропадағы коронавирустан ең қатты зардап шеккен екінші мемлекет. Кеселді жұқтырғандар мұнда 250 мыңнан асады.


Антирекорд: вирусты жұқтырғандар саны артты

Тізім демекші, әлем бойынша «Ковид-19-ды» жұқтырғандар саны бойынша Үндістан Ресейді басып озып, үшінші орынға шықты. Соңғы тәулікте елде 4 мың адам коронавирусты жұқтырып алған. Осылайша науқастар саны 697 836-ға жетіпті. 19700 адам індеттен бақилық болды.


100 жылда алғаш рет шекара жабылды

Австарлияда жағдайдың ушыққаны соншалық, 100 жылда алғаш рет екі штат арасындағы шекара жабылмақ. Енді Виктория мен Жаңа Оңтүстік Уэльс арасында қозғалыс тоқтады. Себебі Мельбурн маңындағы 30 елді мекенде вирус жұқтырғандарсаны күрт артқан. Соңғы тәуліктің өзінде 127 жаңа дерек тіркеліпті. Еске сала кетейік, бұл штаттар арасындағы шекара соңғы рет 1919 жылы испандық тұмау пандемисы кезінде жабылған еді.


– Ертеңнен бастап Виктория штатының кез келген тұрғыны біздің аумаққа өте алмайды. Шұғыл қажетті болса, рұқсат қағазын көрсетуі керек . Қиын болғанымен, халық саулығы үшін осындай қадамға бардық. Викторияда қазір коронавирус тез тарап жатыр. Сондықтан сақтану қажет, - дейді Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьері Гладис Береджиклян.


Бубон обасы: қауіптіліктің үшінші деңгейі жарияланды

Осылайша әлем елдері коронавируспен күресіп жатқанда, Қытайда қайта жаңа вирус шықты деген ақпар пайда болды. Тіпті, елдің солтүстігінде қауіптіліктің үшінші деңгейі жарияланған. Бұл туралы «Долче вел» басылымы хабарлады. Бубон обасы өңірде екі адамнан анықталыпты. Вирус адамнан адамға жұғатыны айтылады. Өңірде қазір ауруды тасымалдаушысы болуы мүмкін жануарларды аулауға тыйым салынды.