Тойхананың ерлі-зайыпты иелері мен кассир қыз оқиға орнында опат болды.
ERNUR.KZ. Моңғолияның кіл қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағында жүк көлігі жол бойындағы тойханаға басып кірді. Апат салдарынан ғимарат ішіндегі 3 адам көз жұмды. Тойхананың ерлі-зайыпты иелері мен кассир қыз оқиға орнында опат болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Көлік жүргізушісі ауыр жараланып, жансақтау бөліміне түсті. Үйіндінің астында қалған марқұмдарды шығаруға аймақтық полиция басқармасының мамандары жұмылдырылды.
«Полициядан 25, төтенше жағдай басқармасынан 20 адам жіберілді. Қазір болған оқиғаға байланысты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Үйінді астынан қаза тапқан адамдардың денелері шығарылды», - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, апатқа ұшыраған жүк көлігі тексеру пуктіне келгенде төлем алу орталығының қызметкерлері көлікті тіркеп, оның өз салмағынан 10 тоннаға артық жүкті тиеп бара жатқанын анықтаған. Олар жүргізушіден техникалық құжаттын көрсетуді сұраған. Бірақ жүргізуші артық жүкті тастап кетудің орнына, тексеру пунктінен жолын тауып сытылып шыққан.
Ал қызметкерлердің көлікті тоқтатып, өткізбей қоюға, тексеруге құзіреті жоқ болып шықты. Оны тексеретін мемлекеттік бақылау инспекторлары мен полиция өкілдері сол түні кезекшілікте болмаған.
Қайғылы оқиға болған жол бойымен салмағы тек 5 тоннадан аспайтын көліктер жүруге міндетті. Алайда, діттеген жеріне жылдам жетуді ойлайтын кейбір жүргізушілер ережеге пысқырып та қарамайтын көрінеді. Осылайша дәл осы жерде талай адамның өмірі қиылған.
Аталған жерде ауыр жол апаттарынан осыған дейін де 8 адам қаза тапқан.
Жол-көлік апатына себеп болатындардың арасында көлік жылдамдығын арттыру, жол белгілерін байқамау, жеңіл көлік жолағына ауыр техникалардың шығып кетуі жиі кездеседі.
«Қаза тапқан жандарды бүгін жер қойнына тапсырдық. Тойхананың бұрынғы иесі қалаға кіре берістегі ғимаратты былтыр сатып жіберген екен. Өйткені осыған дейін де көліктер дәл осы еңісте жиі аударылып, ғимаратқа соғыла берген. Тойхананы былтыр Дэлүүн ауылынан қалаға көшкен ерлі-зайыпты сатып алып, жұмыс істеп жүрген. Апаттан екеуі де қайтыс болды. Ауқаттану орнында есепші болып жұмыс істеген қыз ауылдасымыз, бір үйдің жалғыз асыраушысы еді. Бойжеткен пысық болатын. Университеттен соң мамандығы бойынша мұғалім болмай, сол тойханада жұмыс істеп жүрген екен. Обал болды, әке-шешесінің үміті, жанып тұрған қыз еді. Марқұмды жер қойнына тапсырдық. Бұл жағдай өңір тұрғындарына ауыр тиді», - деді бұлғындық Ақылбай Шайзада.