Германия 2027 жылы алғашқы әскери дрон бөлімшесін құрады

0
127

Министр бұл туралы Төменгі Саксония федералды штатындағы Берген полигонына барған кезінде айтты.


Германия 2027 жылы алғашқы әскери дрон бөлімшесін құрады

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Германия қорғаныс министрі Борис Писториус бундесвер келер жылдың ішінде алғашқы мамандандырылған дрондар полкін құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Министр бұл туралы Төменгі Саксония федералды штатындағы Берген полигонына барған кезінде айтты. Оның сөзінше, бундесвер Украинадағы ұрыс даласында болып жатқан жағдайларды бақылай отырып, тиісті қорытындылар шығарған.

"Құрлықта табысқа жеткісі келетін кез келген тарап ұшқышсыз жүйелерді жауынгерлік қолдану дағдысын меңгеруі тиіс", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Писториус Киевтің тәжірибесі барлық әзірлемелерде ескерілетінін айтты. Жаңа полк барлау жүргізу, нысаналарды жою және жау дрондарын атып түсіру мүмкіндіктерін біріктіруі тиіс.

Ол бөлімшенің өте қысқа қашықтықтан 500 шақырымға дейінгі аралықта ұшқышсыз жүйелерді қолданатынын және оның құрамында жеке радиоэлектронды күрес ротасы болатынын жеткізді.

Құрлық әскерлерінің қолбасшысы генерал-лейтенант Кристиан Фройдингтің мәлімдеуінше, басында полкте 300 әскери қызметші болады, кейін оның штаттық саны 600 адамға дейін жетеді.

Жаңа полктің орналасатын жері әзірге белгісіз. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді жаяу әскер, барлау бөлімшелері мен танк әскерлерін қоса алғанда, қолданыстағы әскер түрлеріне интеграциялау жалғаса береді. Бұдан бөлек, 45-ші бригаданы Литваға жіберілмес бұрын дрондарға қарсы іс-қимыл мүмкіндіктерімен жабдықтау мақсаты қойылған.