Гуанчжоу сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты отырыс өтті

0
1 180

Ақжарқын Тұрлыбай сотта өзін-өзі жақсы ұстап, сот тарапынан қойылған сұрақтарға өз бетінше қытай тілінде түсініктеме берген.


Гуанчжоу сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты отырыс өтті

ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрлігі Қытайда есірткі контрабандасымен айыпталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы өткенін жария етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгін Гуанчжоу сотында есірткі контрабандасымен айыпталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша отырыс өтті. Отырыс барысында қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық істің материалдары қаралды. Отырысқа қорғаушылар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы және аудармашы қатысты. Кездесу сағат 10.00-нан бастап (Гуанчжоу уақыты) 2 сағаттан астам уақытқа созылды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің Telegram-дағы парақшасында.

Министрліктің хабарлауынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың денсаулығы жақсы. Сотта өзін-өзі жақсы ұстап, сот тарапынан қойылған сұрақтарға өз бетінше қытай тілінде түсініктеме берген.

«Үкімнің жарияланатын күні ашық», делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды, Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы еткен болатын.