Иран Бахрейндегі АҚШ-тың екі әскери базасына соққы жасағанын мәлімдеді

0
154


Иран Бахрейндегі АҚШ-тың екі әскери базасына соққы жасағанын мәлімдеді

depositphotos

ERNUR.KZ. Иран Бахрейн аумағында орналасқан АҚШ-тың екі әскери базасына шабуыл жасағанын хабарлады. Ирандық БАҚ мәліметінше, бұл АҚШ-тың Тегеранға қарсы әрекеттеріне жауап ретінде жасалған. Сонымен қатар, Бахрейн билігі ирандық дрон азаматтық өнеркәсіп нысанына соғылғанын мәлімдеп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен араласуды талап етті, деп жазады Ulysmedia.kz.

Иранның Fars ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Бахрейн аумағындағы АҚШ-тың екі әскери нысанына соққы жасаған.

Ал Tasnim агенттігі шабуыл Шейх-Иса және әл-Джуфейр әскери базаларына бағытталғанын хабарлады.

Тегеран бұл шабуылды АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларына жауап деп түсіндірді.

Әзірге әскери базаларда қираған нысандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) ұшқышсыз ұшу аппараттарының жолы кесілгенін хабарлаған еді.

Америка тарапының мәліметінше, сол кезде әскери техникаға зақым келмеген, әскерилер арасында зардап шеккендер болмаған.

Бахрейнде өнеркәсіп нысаны өртенді

Осы уақытта Бахрейн билігі Иранның ұшқышсыз ұшу аппараты азаматтық өнеркәсіп нысанына соққы жасағанын мәлімдеді.

Дрон соғылғаннан кейін кәсіпорын аумағында өрт шығып, нысанға материалдық шығын келген.

Бұған дейін Бахрейннің Ішкі істер министрлігі тұрғындарға қауіп төніп тұрғанын ескертіп, сабыр сақтауға және қауіпсіз жерге жасырынуға шақырған.

Кейін ведомство өнеркәсіп нысанына шабуыл жасалғанын растады. Алайда зардап шеккендер туралы мәлімет жарияланған жоқ.

Бахрейн БҰҰ-ның араласуын талап етті

Бахрейннің Сыртқы істер министрлігі Иранның әрекетін қатаң айыптады.

Ведомствоның мәлімдеуінше, азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп, елдің егемендігін бұзады.

Бахрейн билігінің ерекше наразылығын тудырған жайт – Ислам революциясы сақшылар корпусының шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы.

Сыртқы істер министрлігі Иранның басқа мемлекеттермен арадағы қақтығысы Бахрейндегі азаматтық нысандарға шабуыл жасауды еш ақтамайтынын атап өтті.

Осыған байланысты Бахрейн БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүгініп, Иранның 2817 қарарды орындауын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырды.