Топ құрамында барлығы 33 адам болған.
Фото: instagram.com/ ile_alatau_nationalpark
ERNUR.KZ. Кабардин-Балқарияның Безенги шатқалында болған қар көшкінінен қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Тағы 6 альпинист із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп жазады inform.kz.
Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Операцияға 56 құтқарушы жұмылдырылған. Із-түзсіз жоғалғандарды іздеуге Ресей ТЖМ-нің Ми-8 тікұшағы және коммерциялық тікұшақ тартылды.
Жұмыстарға таулы жер бедерінің күрделілігі, қатты жел және қар массасының қайтадан сырғу қаупі кедергі келтіріп отыр.
Қар көшкіні 6 қыркүйекте Безенги шатқалындағы Мижирги тауының баурайынан түскен.
Әлеуметтік желілерде альпинистер тобын басып қалған қар көшкінінің сәті түсірілген кадрлар тарады.
Оқиға бойынша тергеу органдары тексеру жүргізіп, адамдардың қаза болу мән-жайларын анықтап жатыр.
Бұған дейін Кабардин-Балқарияның Безенги шатқалында қар көшкіні 15 альпинистен тұратын топты басып қалғаны хабарланған еді. Екі адам қаза тауып, үшеуі эвакуацияланған, тағы он адамның тағдыры белгісіз болған.


