Көк-Таш ауылының маңындағы мемлекеттік шекарадағы қақтығысқа жұмылдырылған қырғыз және тәжік әскери күштері шығарылды.
ERNUR.KZ. Қырғызстан мен Тәжікстан билігі 29 сәуірде қарулы қақтығысқа ұласқан екі елдің шекаралас аумағындағы жанжалды реттеуге бағытталған жұмысты жалғастыруда. Қазіргі уақытта қосымша күштерді аймақтардың ішкі бөлігіне кіргізу аяқталды деп хабарланды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қарулы күштердің қақтығыс болған жерден шығарылғаны туралы Қырғызстанның шекара қызметі хабарлады.
"Тараптар мемлекеттік шекара сызығынан қосымша күштерді өз аумағына әкетуді аяқтады", - деді агенттікке ақпарат ұсынған азамат.
Ол сондай-ақ, кеше түнде мемлекеттік шекарада атыс немесе басқа да оқиғалардың болмағанын айтты. Жалпы, аймақтағы жағдай тұрақты.
"Қырғызстан мен Тәжікстанның қорғаныс ведомстволары офицерлерінен құралған бірлескен комиссия қосымша күштер мен құралдар орналасқан аумақтарды тексеру бойынша жұмысын жалғастыруда. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеуде", - деп атап өтті ведомствода.
Сонымен қатар Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі шекара қақтығысы салдарынан қаза болғандардың саны 35 адамға жеткенін мәлімдеді.
"Қайтыс болғандардың саны 35-ке жетті, зардап шеккендердің бірі бүгін көз жұмды", - деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары Элиза Солтонбекова.
Бұған дейін ол қақтығыс салдарынан 183 адам жараланғанын, оның 99-ы ауруханада қажетті ем алып жатқаны туралы ақпарат берген еді. Қақтығыс кезінде Қырғызстанның 34 азаматы, оның ішінде он үш жасар қыздың көз жұмғаны хабарланған болатын.
Еске сала кетсек, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 29 сәуірде басталды. Тараптар бірнеше рет бітімге келу туралы уағдаласты, бірақ келісім қайта-қайта бұзылды. Сенбі, 1 мамырда Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері шекараны белгілеу бойынша келіссөздер жүргізуге келісті.