Марқұмның туыстары айыпталушының аффект жағдайында болмағанын айтып, оған қатаң жаза тағайындауды талап етті.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Алматыда әйелді қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Қылмыс жасады деп оның азаматтық некедегі күйеуі айыпталып отыр. Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы полицейге 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Телеарнаның мәліметінше, 34 жастағы әйелдің өліміне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Айыпталушылар орындығында марқұмның 39 жастағы азаматтық некедегі күйеуі отыр. Ол бұрын полицияда жұмыс істеген.
Осыдан бір жарым жыл бұрын Алматыны дүр сілкіндірген қатыгез қылмысқа тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал себеп болған. Артынша жанжал пышақтасуға ұласқан. Марқұмның туыстары ер адамның әйелге балалардың көзінше 39 рет пышақ сұққанын айтады.
Отбасы туралы ақпарат көп емес. Әйел Ұзынағаш ауылындағы балабақшаның директоры болған. Ал күйеуі Алматы облыстық Полиция департаментінде қызмет атқарған, алайда кейін жұмыстан шығарылған. Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеген.
Соттың соңғы отырысында тараптар жарыссөзге шықты. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Соттан оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы Бейсенбек Жүніс.
Қорғау тарапы қылмыс аффект жағдайында жасалғанын алға тартып, істі қайта саралауды сұрайды. Алайда марқұмның туыстары ер адамның өз әрекетіне есеп бергеніне сенімді.
«Оның аффект жағдайында болғанын көріп тұрған жоқпыз. Ол не істеп жатқанын түсінді. Сотталушының жеке басына назар аудару керек: ол 15 жыл бойы полиция қызметкері болған, бірнеше рет тексеруден өткен. Күн сайын осындай жағдайларға тап болған, оқиға орнына өзі де барған. Мұндай жағдайларды күнде көрген. Бұған дейін де отбасылық-тұрмыстық жанжалдар болған», – деді адвокат Мейрман Шекеев.
Марқұмның анасы күйеу баласына ең қатаң жаза тағайындауды сұрайды. Жәбірленуші тарап сотталушыдан моральдық зиян үшін 100 миллион теңге өндіріп алуды талап етті.


