Маса шаққан соң ер адам ұстамасы ұстап, артынша бірден ауруханаға жеткізіліпті.
ERNUR.KZ. AҚШ-тың Мичиган штатында 64 жастағы Грегг Макчесни маса шаққаннан кейін сирек кездесетін ауруды жұқтырған, деп хабарлайды ktk.kz.
Салдарынан ол 9 күннің ішінде көз жұмды.
"Шілденің соңында ғана Грегг фермада болып, маған тоғандағы айлақты жөндеуге көмектескен. Ол кезде сап-сау болатын. Ауру оны 9 күн ішінде өлтіріп тынды", – дейді туған бауыры Марк Макчесни.
Ағасының сөзінше, Грегтің ұстамасы ұстап, артынша бірден ауруханаға жеткізіліпті. Дәрігерлер оның бойынан шығыс жылқы энцефалиті вирусын анықтаған. Аталған вирусты масалар таратады екен. Өкінішке орай, дәрігерлер ер адамды құтқара алмады.
Аталған вирус өте сирек кездеседі. Ол жылына шамамен 7 адамнан анықталады екен. Белгілісі, 15 жасқа толмаған балалар мен жасы 50-ден асқандар қауіпті вирусты жұқтыруға анағұрлым бейім. Сондай-ақ бұл дерттен жануарлар да зардап шегуде. Штатта маса шаққаннан тоғыз жылқы өліп қалған.