Фото: avatars.dzeninfra.ru
«Бес минут жата тұрайын» деген сөзді таң сайын айтамыз. Бірақ кейде сол бес минут жарты сағатқа, тіпті одан да ұзақ уақытқа созылып кетеді. Жұмысқа немесе сабаққа кешігіп қалсақ, оятқыштың шырылдағанынан не пайда? Егер телефонның стандартты оятқышын өшіріп, қайтадан ұйықтап қалатын әдетіңіз болса, арнайы қосымшаларды қолданып көріңіз.
1. Alarmy — тапсырма орындамайынша өшпейді
Alarmy — тапсырмалар арқылы оятатын танымал қосымшалардың бірі. Оның басты мақсаты — адамды төсектен тұруға мәжбүрлеу. Оятқышты өшіру үшін таңертең бірнеше тапсырманың бірін орындауға тура келеді. Мысалы:
- қолжуғышты суретке түсіру;
- кофе құтысындағы штрихкодты сканерлеу;
- математикалық есеп шығару;
- есте сақтау ойынын ойнау;
- белгілі бір мәтінді қайта теру;
- отырып-тұру жаттығуларын жасау, т.б.
Қосымшада күтпеген дыбыстар да бар. Мысалы, әтештің шақырған дауысын таңдауға болады.
Егер тапсырманы орындап, қайта ұйықтап кетсеңіз, Alarmy бірнеше минуттан кейін қайта оянғаныңызды тексеруі мүмкін. Жауап бермесеңіз, тапсырманы қайта орындауға тура келеді.Сонымен қатар, кешке ұйықтайтын уақытты еске салып, ұйқыға көмектесетін дыбыстарды ұсынады.
2. Sleep as Android — ұйқыны бақылайтын ақылды оятқыш
Бұл — Android жүйесіне арналған бұрыннан танымал ұйқы бақылағыш қосымша. Ол ұйқының жеңіл кезеңінде оятуға тырысады. Мұндай тәсіл таңертең сергек тұруға көмектеседі.
Қосымша ұйқы кезіндегі қозғалыс пен дыбыстарды бақылайды. Ол қорылдау, ұйқы кезінде сөйлесу және жөтел сияқты дыбыстарды тіркей алады. Сондай-ақ тыныс алу ерекшеліктері туралы ескертулер мен адамның ұйқы ырғағына қатысты мәліметтер ұсынады.
Оятқышты байқамай өшіріп тастайтын адамдар үшін арнайы тапсырмалар бар. Мысалы:
- қойларды санау;
- математикалық есеп шығару;
- тіс пастасының қаптамасындағы штрихкодты сканерлеу;
- телефонды NFC белгісіне жақындату, т.с.с.
3. Pillow — iPhone және Apple Watch иелеріне арналған
Pillow — Apple құрылғыларын пайдаланатын адамдарға арналған ақылды оятқыш әрі ұйқы бақылағыш. Apple Watch сағатын тағып ұйықтасаңыз, қосымша ұйқы уақытын, жүрек соғу жиілігін және ұйқы кезеңдерін бақылауға көмектеседі. Нәтижесінде ұйқы сапасы туралы толық есеп алуға болады.
Қосымша түнгі дыбыстарды да талдайды. Мысалы, қорылдау немесе ұйқы кезінде сөйлеу сияқты дыбыстарды анықтауға арналған мүмкіндіктері бар. Кейбір нұсқаларында ұйқы кезіндегі тыныс алудың бұзылуын бақылап, жазып алады.
Pillow-дың тағы бір артықшылығы — күндізгі демалысты жоспарлау мүмкіндігі. Қысқа уақытқа мызғып алу немесе ұзағырақ демалу режимін таңдап, оянатын уақытты есептеуге болады.
4. Shake-it Alarm — «сілкіп» оятатын қосымша
Бұл қосымша ерекше дизайнымен көзге түседі. Онда пастель түстері, үлкен батырмалар және көңілді кейіпкерлер қолданылады.
Оятқышты өшіру үшін бірнеше әрекеттің бірін орындау керек:
- телефонды сілкілеу;
- экранды бірнеше рет табанмен басу;
- микрофонға үрлеу, тағы басқа.
Сонымен қатар, көңіл күй күнделігін жүргізуге, қадам санын және ішкен судың мөлшерін бақылауға, ұйықтау уақытын қадағалауға арналған функциялары бар.
5. FixSleep — ұйқы уақытын жоспарлауға көмектеседі
FixSleep тек оятуға емес, ұйқы уақытын дұрыс жоспарлауға да бағытталған. Оянатын уақытты белгілегенде, қосымша қанша ұйқы циклін өткізгіңіз келетінін таңдауды ұсынады. Содан кейін ұйықтауға қолайлы уақытты есептеп береді.
Ұйықтар алдында қосымшаның оятқыш дыбысын әртүрлі үндерден, түрлі деңгейде араластырып құрастыруға болады. Мысалы белгілі бір әуен мен ақ шу, жаңбыр тырсылы, теңіз толқыны, найзағай немесе оттың сықырлаған дыбысымен араластыруға мүмкіндік бар. Әр дыбыстың қаттылығын өзіңізге ыңғайлап реттей аласыз. Ал таңертең оятқышты өшіру үшін есеп шығару сияқты тапсырманы орындау қажет.
6. Challenges Alarm Clock — таңертеңгі тапсырмалар жиынтығы
Бұл қосымшада да ояну үшін әртүрлі тапсырмаларды орындауға тура келеді. Тағы бір мүмкіндік — камера арқылы заттарды тану. Қосымшадағы тізімнен өзіңіз шай ішетін кесе, шәйнек немесе тіс щеткасын, т.б. таңдайсыз. Оятқыш ойнағанда, өшіру үшін сол затты камераға түсіруіңіз керек. Бұл тәсілді пайдалы әдеттер қалыптастыру үшін пайдалануға болады. Мысалы, кесе таңдасаңыз, таңертең бір стақан су ішуді еске түсіретін белгі ретінде қолдана аласыз.
Түрлі басқатырғыштар шешуді ұнататындарға арналған тапсырмалар да жеткілікті:
- бірдей суреттердің жұбын табу;
- жанып тұрған фигуралардың ретін қайталау;
- кездейсоқ таңбаларды енгізу;
- математикалық есептерді шешу, тағысын тағылар.
Қосымшада оятқышты кейінге қалдыруды шектеу мүмкіндіктері де бар.
7. Сөйлейтін оятқыш
Бұл қосымша оятқыштың дыбысымен бірге уақытты дауыстап хабарлайды. Сонымен қатар, оятқышқа жазған ескертуіңізді оқып бере алады. Мысалы, оятқыштың атауына «Маңызды кездесуді ұмытпа!» немесе «Бүгінгі тапсырмаларды орында!» деп жазуға болады. Таңертең қосымша сол жазуды оқып, күннің жоспарын еске салады.
Уақытты бірнеше минут сайын қайталап айту функциясы да бар. Бұл таңертең жиналып жатқанда уақытты бақылауға көмектеседі.
Егер белгіленген уақытқа дейін оянбасаңыз, қатты дыбыс шығаратын арнайы режимді қосуға болады. Бұл режимде оятқышты кейінге қалдыру мүмкіндігі шектеледі.
Сонымен қатар, белгілі бір күнге алдын ала оятқыш орнатуға болады. Сондықтан оны туған күндерді, кездесулерді немесе жоспарланған іс-шараларды еске салу үшін де қолдана аласыз.
8. Sleepwave — ұйқы кезіндегі қозғалысты бақылайды
Sleepwave ұйқыны бақылау үшін телефонның микрофоны мен дыбыстық технологияларын пайдаланады. Телефонды төсек жанындағы үстелге қоюға болады.
Қосымша естілмейтін дыбыс сигналдарын жіберіп, олардың кері шағылуын талдау арқылы ұйқы кезіндегі қозғалыстарды бақылауға тырысады. Таңертең ұйқы кезеңдері мен жалпы ұйқы сапасына қатысты есеп көрсетіледі.
Ояту тәсілі де жұмсақ жасалған. Негізгі сигналға бірнеше минут қалғанда жайлы дыбыстар ақырын қосылып, біртіндеп оянуға көмектеседі.
Кешке тыныштандыратын дыбыстарды араластырып тыңдауға, медитация қосуға немесе босаңсытатын әуендерді тыңдауға болады.
Sleepwave қосымшасында түс күнделігін жүргізу мүмкіндігі де бар. Ояна сала, түсіңізді ұмытып қалмай тұрғанда дауыстап айтып, жазып қоюға болады.
Ескерту: қосымшалардың кейбір мүмкіндіктері ақылы болуы немесе телефонның операциялық жүйесіне қарай өзгеруі мүмкін. Жүктемес бұрын App Store немесе Google Play дүкенінен қолжетімділігін, бағасын, пікірлерін және құпиялық шарттарын тексеріңіз. Ұйқыны бақылау функциялары медициналық тексерудің орнына жүрмейді.
Әр қосымшаның өз ерекшелігі бар. Сондықтан таңдау кезінде ең алдымен өзіңізге не қажет екенін анықтаңыз. Күні бойы сергек жүру үшін ұйқы уақытын тұрақты ұстау, жеткілікті демалу және кешке телефонды ұзақ пайдаланбау маңызды.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


