"Мойындауға мәжбүрмін": Алексей Навальный түрмеден хат жазды

0
2 584

Барлық жерде камера, дейді саясаткер.


ERNUR.KZ. 2 жарым жылға сотталып, Мәскеу қаласынан 100-деген шақырым жердегі Покров ИК-2 колониясында жазасын өтеп жатқан ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың түрмеден жазған хаты жарияланды. Хатта саясаткер өзінің жағдайы туралы айтқан, деп жазады Qamshy.kz.


"Күшейтілген бақылаудағы А секторынан жалынды сәлем. Ресей түрме жүйесі мені таңғалдыра алғанын мойындауға мәжбүрмін. Мәскеуден 100 шақырым жерге нағыз концлагерь құруға болатынын ойламаппын. Әзірге зорлық-зомбылық көрсетпеді, тіпті ондай пиғылды да байқамадым. Десе де сотталғандардың үрейлі түріне, басын артық қимылдатуға қорқатынына қарап, Покровта жақында ғана адамдарды ағаш балғамен өлімші етіп сабағаны туралы көптеген оқиғаларға оңай сенем. Қазір әдіс-тәсіл өзгерген. Шынымды айтайын, мұндай сыпайы сөйлесетін жерді бұрын-соңды көргенім есімде жоқ. Сондықтан да өзімнің жаңа үйімді "біздің мейірімді концлагерь" деп атаймын" - делінген Навалныйдың facebook парақшасында жарияланған хатта.
Саясаткердің айтуынша, режим, жарғы, күн тәртібі, бітпейтін ережелер қатаң сақталады. Боғауыз сөз бен жаргонға тыйым салынған. Тыйым қатаң орындалады. Барлық жерде камера. Болмашы бұзушылыққа хаттама толтырылады.
"Барлығына күліп қарар болсақ, өмір сүруге болады. Жалпы жағдайым жақсы" деген ол кеудесінде аты мен суреті салынған тақта барын, ол қызыл жолақпен белгіленгенін айтады. "Қызыл жолақ Навальный қашып кетуге пейіл" дегенді білдіреді.
"Түнде әр сағат сайын төсегімнің жанында бушлагтағы ер адамның тұрғанынан оянып кетем. Ол мені камераға түсіреді де "Сағат екі жарым, сотталушы Навальный. Қашуға бейіл деген профилактикалық есептен шығарылады. Орнында" дейді. Артынша, мені ұмытпаған, ешқашан жоғалтпайтын адамдардың барын ойлап қайтадан ұйқыға кетем. Керемет емес пе? Сіздер де жақындарыңызбен байланыс үзбеңіздер. Барлығын құшақтады" делінген Навальныйдың хатында.
Еске салайық, Алексей Навальный ресейлік оппозиционер, жемқорлыққа қарсы күрес қорының негізін қалаушы. 2018 жылы өткен президент сайлауына қатыспақ болғанында кандидатурасы алынып тасталған. 2020 жылғы тамызда оны әлдекімдер улап, өлім аузынан қалған. Алексей Навальный бұған Ресей президенті Владимир Путинді айыптады. Денсаулығы оңалған соң Навальный өзін улағандарды анықтау мақтасында зерттеу жүргізіп, оның нәтижесінде өзін Путин улағанын айтады. Ұзамай Навальный ем алған Германиядан отаны – Ресейге оралып, Мәскеуге қонған бойда ұсталады. Сот оны мерзімінен бұрын бостандыққа шығу шартын бұзды деген айыппен соттады. Алексей Навальный бұны "өзінің үнін өшіру үшін әдейі жасалған билік әрекеті" деп санайды. Сондай-ақ Навальный қамалғаннан кейін оның командасы "Путиннің зәулім сарайы" туралы деректі фильм шығарды. Фильм youtube желісінде 100 млн-нан астам қаралым жинап, әлемнің көптеген елінде көрілді. Кремль "фильмде айтылған деректер шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеді. Артынша, Ресейдің 10-даған қаласында Навальныйды босатуды талап еткен митингтер өтті. Наразылық акциялары кезінде белсенділер жаппай қамалды.