Мьянма полициясы шеруге шыққан оннан астам адамды атып өлтірді

0
2 487

Полиция қызметкерлері адамдарды соғыс оғымен атып қана қоймай, оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резіңке оқтар пайдаланды.


Мьянма полициясы шеруге шыққан оннан астам адамды атып өлтірді

ERNUR.KZ. Сенбі және жексенбі күндері Мьянманың көптеген қаласында тағы да наразылық акциялары өтті. Янгон, Тавой және Мандалай қалаларындағы қақтығыстарда полиция кем дегенде 18 адамды атып өлтіріп, 30-дан астам адамды жаралаған, деп жазады Азаттық.

Полиция қызметкерлері адамдарды соғыс оғымен атып қана қоймай, оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резіңке оқтар пайдаланды. Бұл туралы Би-би-си телеарнасы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Оппозиция халықты әскери билікті тезірек құлатып, Аун Сан Су Чжиді қамаудан босату үшін жалпыұлттық көтеріліске шығуға шақырып жүр.

Әскери билікке бағынышты полиция елдің азаматтық жетекшісі Аун Сан Су Чжи мен президент Вин Мьинді қамауда ұстап отыр. Мьянмада бір жылдық төтенше жағдай жарияланды. Ірі қалаларда түнде комендант сағаты енгізілген.

Мьянма әскері жаңа парламент сайлауын өткізуге уәде берген, бірақ сайлау өтетін күн әлі жарияланбады. Генералдардың мәлімдеуінше, соңғы мәрте өткен сайлау нәтижелері бұрмаланған.

2011 жылы Мьянманы 1962 жылдан бері басқарған әскери билік халықаралық қысымнан соң демократияға өтуге келіскен. Содан кейін Аун Сан Су Чжидің партиясы барлық сайлауларда жеңіске жетті.

Оның "Демократия үшін ұлттық лига" партиясы былтыр сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, үкіметті әскерилердің қатысуынсыз жасақтауға мүмкіндік алған.