Соңғы бір күн ішінде 80 адам жарақат алып, 100-ден астам тұрғын түрмеге жабылды.
ERNUR.KZ. 14 наурызда Мьянма мемлекетінің бірнеше қаласында наразылық акциясы өтті. Қауіпсіздік күштерінің шеруге шыққандарды басуы кезінде 38 адам қайтыс болды, 80-ге жуық адам жарақаттанды. Бұл туралы Мьянма саяси тұтқындарына көмек көрсету қауымдастығы (APPZ) хабарлаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Тұрғындар елдің Янгон, Мандалай, Баго, Пхакан және басқа қалаларында шеруге шыққан. Қауымдастықтың әлеуметтік желіде жариялаған ақпаратына сәйкес, ақпан айының басында Мьянмада жаппай демонстрациялар басталғалы қауіпсіздік күштерімен қақтығыс кезінде 126 адам қайтыс болды.
APPZ ақпараты бойынша, қазір ел бойынша тұтқындалғандардың жалпы саны - 2156 адам. Қауымдастық бұл көрсеткіш наразылықтар кезінде ұсталғандардың жалпы санын емес, ресми түрде қамауға алынған адамдардың санын ғана көрсететінін айтады.
Сонымен бірге, MRTV мемлекеттік телеарнасы Манифестанттардың қауіпсіздік күштеріне қарсы қару қолдануы нәтижесінде Янгон аудандарының бірінде екі полиция қызметкері қаза тапқанын хабарлады.
Жексенбіде елдің екінші ірі қаласы - Мандалайда қауіпсіздік күштері бір күн бұрын атып өлтірген демонстранттардың бірін жерлеу рәсімі өтті. Полицейлер тарапынан оққа ұшқан 4 құрбанның бірі - 21 жастағы ер адам.
БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі Кристина Шранер Бургенер Мьянмада жалғасып жатқан қантөгісті айыптады.
«Әскери күштер халықаралық үндеулерді, соның ішінде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінен ұстамдылыққа, диалогқа және адам құқықтарын толық сақтауға шақырады», - делінген хабарламада.
Мьянмадағы наразылық ақпанда басталды
Мьянмадағы жаппай наразылықтар 1 ақпандағы әскери төңкерістен кейін басталды. Армия билікті басып алғанын жариялады және елде 1 жыл мерзімге төтенше жағдай енгізілді. Ел президенті Вин Мьинді және мемлекеттік кеңесші Аун Сан Су Чжиді әскерилер тұтқындады. Олар бұл әрекеткеөткен жылы елде өткен жалпы сайлау нәтижелері бұрмаланғандықтан барғанын айтып, түсіндірді.
28 ақпаннан бастап Мьянма әскери билігі наразылықтарды басудың қатаң әдістерін қолдана бастады: көзден жас ағызатын газ, су мен резеңке оқтардан басқа, полиция мен әскери қызметкерлер әскери қаруды жиі қолдана бастады. Сондай-ақ, билік демонстрацияларды таратуға елдің шекаралас штаттарында, соның ішінде Ракхайнда жұмыс істейтін этникалық бүлікші әскерлерге қарсы жауынгерлік тәжірибесі бар әскери бөлімдерді жіберді.
Ақпан айынан бастап Мьянманың көптеген қалаларында күн сайын әскери билікке қарсы жаппай наразылықтар өтіп жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде медицина қызметкерлерінің 70%-дан астамы жұмыс орнынан кетіп, билікке азаматтық бағынбау науқанына қосылды.